Павлодарлық жазушы «Алаш» халықаралық сыйлығына ие болды

Павлодарлық жазушы «Алаш» халықаралық сыйлығына ие болды
Фото: Есенжол Исабек

Жазушыға құрмет көрсетіп, оның иығына шапан жабылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан жазушылар одағы басқармасының облыстық филиалының басшысы, ақын, жазушы Серік Елікбайға «Алаш» халықаралық сыйлығы табысталады. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова аймақ басшысының сөзін жеткізіп, шапан жапты.

– Бүгінгі Ертіс – Баян өңірінің әдеби әлеміндегі қаламгерлер легін басқарып жүрген өзіңіз екендігі баршаға аян. Осы ретте халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы өзінің шын иесін тапты деп білемін. Сізге әрқашан мерейіңіздің үстем, абыройыңыздың асқақ болғанын тілеймін, – дейді облыс әкімі алғыс сөзінде. 

Ал марапаттың иегері Серік Елікбай бұл жеңіс ортақ екенін айтты. 

– Бұл менің жеке жетістігім емес. Осында жүрген қаншама қаламгердің еңбегі, олардың жазып жүрген дүниелерінің көрінісі деп ұғуға болады. Сондықтан бұл елдің мерейін асырған марапат деп білемін дейді,Серік Елікбай.

Айта кету керек, Серік Елікбай «Мәшһүрдің мұңы», «Қанжығалы Бөгенбай» сынды өзге де, прозалық және поэзиялық туындылардың авторы.