Павлодарға келген жапондық: Қазақ тілін екі жылда үйреніп алдым
Рavlodarnews.kz тілшісі Такаши Ниномияннан мемлекеттік тілді қалай жетік меңгергені жайлы сұрастырып көрді.
Ол Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының профессоры, Жапонияның Цукуба университетінің координаторы болып қызмет етеді.
– Такаши Ниномиян мырза, Қазақстанға қашан келдіңіз? Не себеппен бұл елді таңдадыңыз?
– Мен Жапонияда Орталық Азия кеңсесінде жұмыс істеген болатынмын. Онда қазақтар да, өзбектер де, қырғыздар да болды. Бұл қызметте екі жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Сол кеңсенің директоры Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеуді ұсынды.
Қазақ тілін үйренуге не себеп болды?
– Маған ұлттық университеттегі жұмысты ұынған кезде мен директордан «қандай тілді үйренген дұрыс?» деп сұрадым. Ол кісі өзі орыс тілінің оқытушысы болса да, «Қазақстанда қазақ тілін білу міндет» деп айтқан болатын. Сондықтан мемлекеттік тілді үйренуді ұйғарып, екі жыл ішінде үйреніп алдым.
– Жалпы, қазақ тілін үйрену қиын болды ма?
– Әрине, қиын болғаны жасырын емес. Оған қоса, жас емеспін, сондықтан кейбір сөздерді жаттау қиынға түсті. Көбіне университетте оқығаннан бөлек ағай, апайлармен сөйлесіп үйрендім. Негізі жатақханада тұрамын. Сондағы күзетші апай, ағайлармен шәй ішіп, қазақ тілінде сөйлесіп, әңгімелесеміз.
– Тілді үйрену барысында нені аңғардыңыз? Қандай да бір кедергілер болды ма?
– Қазақтар бір-бірімен сөйлескенде орыс және қазақ тілдерін араластырып сөйлейді. Мен орыс тілін түсінбегендіктен, диалект барысында қазақтардың кейбір айтқан сөздерін түсінбей жатамын.
– Павлодарға алғаш рет келіп отырсыз ба? Қаламыз ұнады ма?
– Бұл өңірге алғаш рет келп отырмын. Әсіресе Ертіс өзені есте қалды. Кеше келсем де, өзенді көріп үлгермедім. Бүгін таңертең арнайы барып қарадым. Табиғаттарыңыз керемет екен.
– Қазақтың әдет-ғұрыпы, дәстүрімен танысып үлгердіңіз бе?
– Иә, алайда толық танып білдім деп айта алмаймын. Ұлттық аспаптарыңыз – домбырада ойнауды үйренгім келеді. Жалпы қазақ музыкасын тыңдағанды ұнатамын. Әсіресе Құдайберген Бекіштің әндері ұнайды. Ол азаматты тойда болғанда көріп, өнерімен танысқан болатынмын. Әншінің туындыларының ішінде «Жаңбыр» әні ұнайды.
– Бүгінде мемлекеттік тілді білмейтін қазақ азаматтары бар екені жасырын емес. Бұл жайында не айта аласыз?
– Иә, әрине олардың бар екенін білемін. Мәселен, Жапонияда жапон тілін білмейтін азаматтар аз. Алайда сіз қазақ тілін жақсы білетін болсаңыз, жаңағы азаматтарды кемсітіп, «Сен өз тіліңді білмейсің» деп айтуға болмайды. Оларды керісінше мақтау керек. Сонда ғана ол ашыла түсіп, білімін жетілдіре бастайды.
Айта кетейік, Такаши Ниномиян Торайғыров университетінде өткен «Қазақстан жастары: мемлекеттік тіл саясаты және қоғам» тақырыбында өткен семинар-кеңеске қатысты.