Павлодарлық университет ғалымдары көне бас киімді зерттеп жатыр
Мамандар жәдігердің құрамын, жасалу тәсілі мен ықтимал шығу тегін анықтамақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған күміс бас киімге технологиялық зерттеу жүргізіп жатыр.

Металдың құрамын анықтау үшін рентгендік-флуоресценттік талдау әдісі қолданылуда. Алдын ала нәтиже бұйымдағы күмістің үлесі шамамен 97 пайыз екенін көрсетті. Бұл дерек көне зергерлердің металды өңдеу және тазарту тәсілдерін зерттеуге көмектеседі.
Музей қорының сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, жәдігер 1959 жылы табылған. Содан бері ол музейдегі құнды экспонаттардың бірі ретінде сақталып келеді.

Келесі кезеңде ғалымдар бас киімнің қалай жасалғанын анықтамақ. Бұйымның кейбір бөліктерінің қалыңдығы бірнеше миллиметр ғана. Мамандар осындай жұқа әрі нәзік құрылымды қалыптастыру үшін қандай технология қолданылғанын зерделейді.

Зерттеушілерді күміс бұйымның бүгінге дейін сақталуы да қызықтырады. Еуразияның табиғи-климаттық жағдайында мұндай жәдігерлер уақыт өте бүлінуі мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бас киім әзірге табылмаған. Зерттеу нәтижелері жеткілікті болған жағдайда ғалымдар бұйымның ықтимал шығу тегін, күмістің шикізат көзі мен кен орнын анықтауды жоспарлап отыр.