Павлодар облысында тоғыз мыңнан астам вейп тәркіленді
Тыйым салынған заттар өткен жылдан бері жедел іздестіру шаралары барысында тәркіленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қамдуллин мәлім етті.
– Өткен жылдан бері жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 13 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Соның қорытындысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды. Тәркіленген электронды темекі мен вейптердің жалпы саны 9 302 қорап пен 2270 дананы құрайды, – дейді Қамбар Қамдуллин.
2024 жылғы 29 маусымында департаментпен темекі шегуге болмайтын «Вейп» құрылғылары және оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз сату фактілерін анықтауға бағытталған бірқатар жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілді.
Айта кету керек, жүргізілген іс-шаралар барысында 292 дана бір рет қолданылатын электронды темекі және оларға арналған сұйықтықтар анықталды, жалпы сомасы 1,4 миллион теңгені құрады.