Салауатты отбасы: Павлодарда жанұялар топтық сайыста бақ сынайды

Салауатты отбасы: Павлодарда жанұялар топтық сайыста бақ сынайды
Фото: жасанды интеллект

Жарыста ұйымшылдық пен ептілік қатар сынға түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде Отбасы күніне орай «Салауатты отбасы» спорттық-отбасылық сайысы өтеді. Жиын 13 қыркүйекте сағат 11:00-де «Алтын сақа» шығармашылық инновациялық орталығында ұйымдастырылады.

Оған әкесі, анасы және 5-10 жастағы баласы бар жанұялар қатысады. Ерлі-зайыптылардың бірінің жасы 35-тен аспауы керек.

Жанұялар «Жылдам старт» эстафетасында, «Нысанаға дәл тигіз» мергендік сайысында және арқан тартуда өзара мықтыны анықтайды. Мұнда ұйымшылдық, бір-біріне қолдау көрсету және командалық рух басты назарға алынады.

– Біз ата-ана мен баланың жай ғана сайысқа қатысуын емес, өздерін бір топ ретінде сезінуін қалаймыз. Спорт арқылы өзара қолдау, жауапкершілік пен салауатты өмір салтының маңызын көрсетеміз. Мұндай шаралар жақындардың арасындағы байланысты нығайтып, балаларға дұрыс өмірлік бағыт береді, – дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шара барысында отбасылық дәстүрлерді дәріптеу, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, бала тәрбиесіндегі жанұяның рөлін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау көзделген. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» идеологиясы отбасылық құндылықтар мен жауапкершілік арқылы түсіндіріледі.

Сайыс қорытындысында бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері анықталып, үздік жанұяларға бағалы сыйлықтар табысталады.

Шараны «Салауатты өмір салты үшін жастар» жастар қоғамдық бірлестігі Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізеді.