Павлодар облысында қанша адам зейнетақы алады?
Өңірде зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бағытында 17 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ал мемлекеттік бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдердің жалпы саны –41.
– Павлодар облысының тұрғындарына 2025 жылы мемлекеттік бюджеттен 265 миллиард теңге төленді. Ал 2026 жылы бұл сома 280 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова.
Зейнетақымен қамсыздандыру ҚР Әлеуметтік кодексі аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта зейнетақы төлемдерінің бірнеше түрі бар. Олардың қатарында мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер бар.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Павлодар облысында зейнеткерлер саны 125 731 адамды құрайды.
– 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы индекстеу аясында ынтымақты зейнетақы мөлшері он пайызға артты. Сондай-ақ базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшері 118 пайызына дейін ұлғайтылды, – деді Алмагүл Мұхамедова.
Қазіргі таңда базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 мың теңгені, ал ең жоғары мөлшері 60 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар республикалық бюджет туралы заңға сәйкес зейнетақының ең төменгі мөлшері 69 мың теңге болып белгіленген.
Өсім нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында зейнетақының орташа мөлшері 158 мың теңгеге жетті. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 102 мың теңге, ал базалық зейнетақы – 55 мың теңге.