Павлодарлықтар сотқа аз жүгіне бастады

Павлодарлықтар сотқа аз жүгіне бастады
ӨКҚ

Ағымдағы жылы 2023 жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда сотқа түскен талап-арыз бен өтініш 26,5%-ға азайған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қалалық сотының төрағасы Ерсін Қожабергинов мәлімдеді. 

– 2024 жылдың 11 айында атқарған жұмыс қорытындысы бойынша  есептік кезеңде сотқа түскен өтініштер мен талап-арыздар санының азаюы тіркелді. Бұл тұрғыда ерекше өндірістегі істердің саны көбейді. Сотқа осы жылы – 7591, ал 2023 жылы 10332 талап-арыз бен өтініш түсті, – дейді Ерсін Қожабергинов.

Оның айтуынша, ерекше өндірістері істер саны 20,9%-ға өсті – 1565-ден 1979-ге дейін. 

Айта кетерлігі, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы өтініштердің саны артқан. 2024 жылы осындай 144 өтініш түсті, бұл – өткен жылға қарағанда 13,1%-ға көп. 

Сонымен қатар, заңды маңызы бар деректерді бекіту өтініштері көбейді. Негізінен еңбек қызметіне байланысты көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 28,3%-ға көп. 

– 2023 жылы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заңының күшіне енуіне байланысты аталмыш санат бойынша өтініштер саны 56-дан 65-ке дейін ұлғайды, – дейді спикер.

Сот жұмысының нәтижелері бойынша есептік кезеңде 5515 іс қаралды. Сот бұйрықтары 167 іс бойынша енгізілді, ал 3536 іс бойынша шешім қабылданды. Олардың 3247-сі қанағаттандырылды, ал 289-ы қабылданбады. Сот даулары кезінде тараптардың татуласуына ерекше назар аударылады. 

Сонымен қатар, 2022 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда аумақтан тыс соттылық туралы норма қолданылып келеді. Тараптардың басқа өңірлерде тұратынына қарамастан, Павлодар қалалық сотына 47 азаматтық іс беруге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Павлодар қалалық соты алдағы уақытта сот жүйесінің азаматтарға қолжетімділігін қолдау және сот төрелігінің сапасын арттыруға тырысады.