Павлодарлық кітапханашы балаларға туған жер тарихын ертегі арқылы танытты
Марал Таженова үшін балалармен жұмыс – шабыт пен ізденіс көзі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол балаларға арнап «Досиктің дәуірлерге саяхаты. Ежелгі Павлодар туралы ертегі» атты кітап шығарды. Бұл еңбегін балаларға туған жердің тарихын қызықты түрде жеткізу мақсатында жазған.
– Ертегі – баланың тілі. Егер сол арқылы тарихты жеткізсең, жеткіншек оны тез есте сақтайды. Ертегіде қиял бар, эмоция бар. Бірақ мен үшін ең бастысы – әр оқиға шынайы негізге сүйенуі. Біздің өңірде Тетис теңізінен бастап орта ғасырларға дейінгі тарихи кезеңдерді қамтитын орындар көп. Олардың әрқайсысы тұнып тұрған тарих. Солардың бәрін жинап, өңдеп, балаларға түсінікті тілмен жеткіздік, – деді С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы Марал Таженова.
Оның айтуынша, балаларға күрделі ғылыми форматта жазылған кітаптағы ақпаратты қабылдау қиын, ертегі түрінде жазылған тарихи деректер қабылдауға оңайырақ болады. Ол кішкентай оқырмандардың көңілін аулап, кітап оқуға қызықтыру үшін креативті жолдарды таңдаған. Сондықтан Павлодар қаласының тарихын ертегі ретінде жазуға ниеттенген.
– Ертегі жазу жалғыз адамның қолынан келмейді. Сондықтан, бұл үлкен жобаға ертегіні жазған ақын Людмила Бевз, қазақ тіліне аударған журналист Айбек Оралхан, иллюстрацияларын салған жас суретші Лейла Андерсон белсене қатысты. Осылайша ертегі екі тілде кішкентай оқырмандарға жол тартты, – деді кітапханашы.
Автордың кітапқа деген махаббаты мен шығармашылыққа бейімділігі балалық шақтан басталған. Сондықтан кітапханашылық қызметті ертегі жазумен ұштастырып жүр.
– Менің екі әпкем де мұғалім болды. Бала күнімде біздің ойнайтын ойындарымыз – мектеп еді. Күні бойы сабақ оқып, екі мұғалімге «бағынатынмын». Әкем де мұғалім, үнемі қазақша кітап оқытатын. Сол үйде әдебиетке, тілге, мәдениетке деген сүйіспеншілік қалыптасты, – дейді ол. – Отбасым шығармашылыққа жақын. Ұлдарым сурет салады, келіндерім идея айтады, немереммен бірге ертегі ойлап табамыз.
Кейін кітапханашыға балаларға арналған туған жер туралы ертегі сайысын ұйымдастыру туралы ой келді. Байқау жайында барлық интернет желілерге, білім басқармасы арқылы мектептерге хат жолдады.
Жобаға Екібастұз, Ақсу, Павлодар және аудан ауылдарынан 50ден астам жұмыс келді, оның ең жақсыларын қазылар алқасындағы ақын-жазушылар іріктеп алады.
– Кейбір балалар Ертіс өзенінің жүрегін суреттесе, кейбіреуі темір мен оттан туған айдаһар туралы жазды. Ал кейбірі тіпті тұзды шөптің керемет қасиетін ертегіге айналдырады. Олардың қиялына шек жоқ, – дейді автор қуана.
Автордың айтуынша, үлкендер көбіне өмір тәжірибесіне, ережелерге, логика мен «болмайды» деген шектеулерге сүйенеді. Ал бала қиялы – шексіз әлем. Онда бәрі мүмкін. Сол қиялдың арқасында адам арман құрып, жаңалық ашады. Егер үлкендер балалық қиялын жоғалтпай, оны сақтай алса, өмір әлдеқайда қызықты болар еді.