Ақсуда түнгі рейд кезінде кәмелетке толмаған жасөспірім ойын клубынан табылды
Жыл басынан бері қалада кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруіне қатысты 200-ден астам құқықбұзушылық анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кезекті рейд барысында PlayStation клубтарының бірінен ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген 16 жастағы жасөспірім анықталған.
– Жасөспірім сағат 22:00-ден кейін, яғни заңмен тыйым салынған уақытта ойын-сауық орнында болған. Осы факті бойынша кәмелетке толмағанның заңды өкілі мен мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.
Жыл басынан бері қалада түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерге қатысты 256 құқықбұзушылық тіркелген. Тағы төрт кәмелетке толмаған ойын-сауық орындарынан анықталған.
Полиция ата-аналарға балаларының кешкі уақытта қайда және кіммен жүргенін бақылауды, олардың үйге уақытылы оралуын қадағалауды ескертті.
Тәртіп сақшылары мұндай рейдтер жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін тұрақты жүргізілетінін атап өтті.
