Павлодарлық полиция ұялы телефондарды қараусыз қалдырмауға шақырды

Жыл басынан бері екі жүзден астам адамның телефоны ұрланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полицейлердің бақылауынша, жасөспірімдер көбінесе көшеде ұялы телефонға музыка қосып, гаджетте ойын ойнайды. Сондықтан шабуылдаушыларға жәбірленушіні табу оңайырақ, ал балалар ұрлаушының белгілерін әрдайым есте сақтап, жеткізе алмайды. Олар қорқыныштың салдарынан ата-аналарына немесе полицияға қылмыс туралы кеш айтады.
– Сіздің гаджетіңіз ұрлаушылардың олжасына айналмауы үшін қарапайым ережелерді сақтауды сұраймыз: телефондарыңызды, ақшаңызды және бағалы заттарыңызды сыртқы қалтаңызда ұстамаңыз. Ұялы телефондарды қараусыз қалдырмаңыз және оларды шұғыл қоңырау шалу сылтауымен бейтаныс адамдарға бермеңіз. Ойын-сауық мекемесінде болған кезде телефонды үстелге қойып, оны бірнеше минутқа да назардан тыс қалдырмаңыз. Көшеде немесе бейтаныс адамдардың ортасында қымбат құрылғыларды көрсетпеуге тырысыңыз, – деп шақырды құқық қорғау органдары.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 219 ұялы телефон ұрлығы тіркелген.