Павлодардағы HAS ісі: Миллиардтық мүлік тәркіленді
Бірақ салымшылар шығыны толық өтелмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы Арман Ізбастынов мәлім етті.
2022-2023 жылдары «HAS» қаржы пирамидасын ұйымдастырған топ Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және Семей қалаларында заңсыз әрекет жүргізген. Тергеу деректеріне сәйкес, 125 азаматтан 821,4 миллион теңге тартылып, келтірілген шығын көлемі 780,9 миллион теңгені құраған.
2025 жылдың наурызында сот үкімі шығып, қылмыстық топ ұйымдастырушылары 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жалпы құны 1,3 миллиард теңгеден асатын активтер – пәтерлер, автокөліктер, жер телімдері, тұрмыстық техника және қолма-қол ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
– Қазіргі уақытта тәркіленген мүлікті өткізу және қаражатты жәбірленушілерге бөлу процесі жүріп жатыр. Дегенмен, келтірілген залалдың ауқымына байланысты салынған қаражат толық көлемде қайтарылмайды. Алдын ала есеп бойынша шамамен 30 пайызға дейін ғана қайтару қарастырылып отыр. Қаражат әр жәбірленушінің салымына қарай бөлінеді, – деді басқарма басшысы.
Тергеу барысында белгілі болғандай, кейбір азаматтар бастапқы кезеңде шағым түсіруден бас тартқан. Олар қаржы құрылымы әлі жұмыс істеп тұр деп сеніп, қаражатты қайтарып аламыз деп үміттенген. Нәтижесінде тек ресми тіркелген жәбірленушілер ғана өтемақы алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазір шығынды өтеу жұмыстары жалғасуда, ал нақты қайтарылатын сома барлық мүлік сатылып болғаннан кейін анықталады.
Қаржылық пирамидалар – ең қауіпті алаяқтық түрлерінің бірі болып қала береді, олар азаматтардың әл-ауқатына және қоғамдағы тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіреді. Соңғы екі жылда Павлодар облысында төрт қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылып, 15 қылмыстық іс қозғалған.