Ай қарап жүрсіздер ме? Баянауыл ауданының әкімі де сөгіс алды
Әрекетсіздік үшін аудан әкімі жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Мен үнсіздікке жол бермеймін. Елемеу мен үнсіздік деген болмасын. Мәселе бар болса, оны айту керек, – деп ескертті облыс әкімі.
Бұл ретте аймақ басшысы тамыздың аяғында Баянауылда Қ.Сәтбаев атындағы мұражайда құлаған шатырды мысалға келтірді. Желдің салдарынан ғимараттың шатыры ұшып кеткен, алайда күні бүгінге дейін аудан әкімдігі тарапынан ешқандай жұмыстар атқарылмады.
– 30 тамыздан бастап айға қарап жүрсіздер ме? Неге ол сұрақ маған жеткен кезде ғана қозғала бастайсыздар? Ендігі осындай жағдайда лауазымдарыңыздан босата бастаймын. Аудандағы әр туындаған сұрақты өздеріңіз шеше алмасаңыздар, бізге келіп, осындай мәселе бар, күш-жігеріміз жетпей жатыр деп айту керек,– деді Асайын Байханов.
Жиынның соңында әрекетсіздік пен жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев пен мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға қызметтік сөгіс жарияланды.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы Павлодар ауылында автобус мәселесін дер кезінде шешпеген төрт шенеунікті әкімшілік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аудан әкімдерінің жұмысын сынға алған болатын.