Павлодарға оралған қандастар саны артып келеді

Павлодарға оралған қандастар саны артып келеді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Соңғы үш жылда тұрақты өсім байқалып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында көші-қон саласындағы жағдай тұрақты сақталып келеді. Жыл басынан бері өңірдегі миграциялық қызмет халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, этникалық қазақтарды қолдау және қоныс аудару саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. 

Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығының міндетін атқарушы подполковник Александр Кузьменконың мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен 435 қандас алған. Сонымен қатар, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 204 этникалық қазаққа тұрақты тұруға рұқсат рәсімделген.

Бүгінде облыста шетелден келген 3821 этникалық қазақ тұрады. Қандастардың елге бейімделуіне және қоғамға араласуына жағдай жасау мақсатында 409 виза берілген. Олардың барлығы тегін негізде рәсімделеді.

Соңғы үш жылмен салыстырғанда этникалық қазақтардың Қазақстанға келу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Бұл еліміздегі әлеуметтік ахуалдың және қандастар үшін жасалып жатқан жағдайлардың қолайлылығын көрсетеді. Жыл сайын өсім шамамен он пайыз көлемінде байқалады, – деді Александр Кузьменко.

Аталған уақыт аралығында облыс аумағында 3420 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған. Оның 2863-і ТМД елдерінен, ал 557-сі алыс шетел мемлекеттерінен келген. Шетел азаматтарының елге келудегі негізгі мақсаты еңбек қызметі болып отыр. Осы санат бойынша өңірге 2066 адам келген. Отбасын біріктіру мақсатымен келгендер саны 567 адамды құраса, туризм, емделу және қонақтық сапарлар сияқты өзге мақсаттармен келгендер саны 534 адам болған. Сондай-ақ 53 шетелдік студент Қазақстанда білім алу үшін Павлодар өңірін таңдаған.

Александр Кузьменконың айтуынша, еңбек мигранттарының басым бөлігі В2 және С3 санатындағы визалармен келеді. Олар өндіріс орындарында, кәсіпорындарда еңбек ететін инженерлер, технологтар және түрлі саладағы білікті мамандар.

Көші-қон қызметі мемлекеттік қызмет көрсету бағытында да елеулі жұмыстар атқарды. Бес ай ішінде жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу бойынша 37 817 адамға қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, тоғыз мыңнан астам азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелген.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында тұрақты негізде 12 485 шетел азаматы тұрады. Оның ішінде 9704 адам ТМД мемлекеттерінің азаматтары болса, 2781 адам алыс шетелдерден келген. Биыл тұрақты тұруға рұқсат алған шетел азаматтарының саны 386 адамға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен асып түсті.

Көші-қон қызметі алимент бойынша берешегі бар азаматтарды анықтау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері іздеуде жүрген 184 борышкердің 83-і анықталды. Бұдан бөлек, іздеуде жүрген 35 адамның 17-сінің жүрген жері белгілі болды.

Жылдың екінші жартысында көші-қон қызметі мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, қандастарды сүйемелдеу жұмыстарын жетілдіруге, заң бұзушылықтардың алдын алуға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге басымдық берілмек.