Павлодар станциясында пойыздан семейлік үш жігіт шығарылды
Олар пойызда ішімдік ішіп, жолсеріктерінің ескертулеріне мән бермеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
13 қарашада сағат 21:40 шамасында «Семей-Маңғыстау» жолаушылар пойызымен Павлодар стансасына жеткенде, полицейлер Семей қаласының үш тұрғынын пойыздан шығарды. Павлодар қаласының желілік полиция бөлімінің мәліметінше, ер адамдар жол бойы ішімдік ішіп, пойыз жолсеріктерінің ескертулерін елемеген.
– ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының бірінші бөлігі бойынша желілік полиция қызметкерлері азаматтарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салды, – деді бөлімде.
Сондай-ақ, жолаушылардың біріне қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Хаттама Абай облысы Семей қаласының әкімшілік сотының қарауына жіберілді.