Екібастұздағы жылу магистральдарын қайта жаңартуды қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылды
Бүгінгі таңда екі жоба бойынша бөлшектеу жұмыстары толығымен аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына іссапары барысында 1-ЖМ және 3-ЖМ жылу магистральдарын қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.
Өткен жылы техникалық аудит жүргізіліп, аталған учаскелер қайта жаңартылды. Жоба әзірленіп, биыл 1-ЖМ ұзындығы – 1,6 км, 3-ЖМ ұзындығы 2,6 км іске асырылмақ. Бүгінгі таңда осы екі жоба бойынша бөлшектеу жұмыстары – науаларды, жылу камераларын бөлшектеу жұмыстары толық аяқталды.
Өндірістік жұмыстардың кестесі бекітіліп, мердігерлік ұйымның алдына жабдықты жеткізу кестесін ұсыну міндеті қойылған болатын. Бүгінде жабдық жеткізіліп, іргетастың құрылысы бойынша кестеге сәйкес жұмыс жүргізілуде.
Бірінші павильон Мәшһүр Жүсіп – Абай көшелерінің қиылысында орналасқан.
– Құбырға қатысты мәселе жоқ, жабдықтарды көлікпен жеткізу екі-үш жүріп жатыр, жарты шақырым әкелінді. Компенсаторлардың бірінші партиясы 25-і келеді. 3-ЖМ-де 36 компенсатор бар. Биыл ертерек тапсырыс берілді. 1-ЖМ-де 26 компенсатор бар, – деді мердігер.
Облыс әкімі қыркүйек айының басына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Еске сала кетейік, аймақ басшысы Асайын Байханов маусым айында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға Екібастұз қаласының жалпы ұзындығы төрт шақырымға жуық ірі жылу магистральдары – ТМ-1 және ТМ-3 реконструкциялау жұмыстары туралы хабарлаған болатын. ҚР Үкіметінің резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл желілерді жаңарту 87-ден астам көпқабатты үйді және сегіз мыңнан астам адам тұратын 500-ден астам жеке тұрғын үйді жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді.