Павлодарлық орманшылар мен өрт сөндірушілердің жалақысы көтеріледі
Еңбекақы екі есеге артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының, соның ішінде табиғатты қорғау, орман шаруашылығы және өрт сөндірушілер қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеруді тапсырды. Мемлекеттік бюджет есебінен еңбекақы төлеу жүйесі туралы Үкімет қаулысы толықтырылды. Құжатта лауазымдық жалақыдан 100 пайыз үстемеақы қарастырылған. Биыл өрт сөндірушілер мен орманшылардың жалақысы 1,71 есе өссе, 2025 жылға қарай екі есе көтерілетін болады.
Жалақыға қосатын төлемдер республикалық бюджеттен аударылады. Ал орман өрт сөндіру бекеттерінің қызметкерлеріне сыйақы үшін жергілікті бюджеттен қаражат алынады.
Бірақ қаулы қызметі денсаулық пен өмірге қауіп төндірмейтін экономистер, бухгалтерлер, тракторшылар, жүргізушілер, мұнара бақылаушылары, радио және телефон операторлары сияқты әкімшілік қызметкерлерге қолданбайды.
– Табиғат қорғау мекемелері инспекторлары ең төмен жалақы – 247 мың, ал ең үлкені 338 мың теңге алады. Барлығы санат пен тәжірибеге байланысты, – атап өтті Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында. – Орман өрт сөндіру бекеттерінде телефон операторлары – 112 мың теңге, Баянауылдағы орман өрт сөндірушілері айына 134 мың теңге алады.
1 шілдеден бастап орман шаруашылығының 524 қызметкерінің жалақысы көтерілді. Оның ішінде 503-і Ертіс орманының, 21-і Баянауыл ұлттық саябағының орманшылары.
Аумақтық инспекцияның мәліметінше, жыл сайын басқарма өрт маусымының соңында кірісті арттырудың тиімділігін тексереді.