Павлодар облысында мұрағат ісіне 100 жыл толды

Өткен ғасыр ішінде мамандар миллионнан астам түрлі құжаттарды сақтап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының құрамына 12 аудандық филиал, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы мұрағаттар кіреді. Құжаттар қоры 1823 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтып, басқару, ғылыми-техникалық, аудиовизуалдық материалдар мен жеке қорларды сақтайды.
– Жиналған материалдар ел тарихын экономикалық дамуынан бастап рухани мұраны сақтауға дейін әр қырынан зерттеуге мүмкіндік береді, – дейді мұрағатшы Күләш Есімханова. – Өңірдегі мұрағат ісінің бастауы 1925 жылғы 30 шілдеге сәйкес келеді. Сол күні Павлодар уездік атқару комитетінің жабық мәжілісінде алғаш рет мұрағатшы лауазымы енгізілді.
Күләш Есімханованың айтуынша, мұрағат ашуға екі себеп түрткі болған: құжаттардағы бейберекетсіздік пен губерниялық биліктің бұйрығы.
– 1928-1930 жылдары құжаттар Семей мұрағат бюросына жіберіліп отырды, себебі облыс ол кезде Семей губерниясына қарайтын. 1938 жылы Павлодар облысы құрылған соң Мемлекеттік мұрағат та ашылды, – деп еске алады ол.
1960 жылға дейін мұрағат ісін алдымен Ішкі істер халық комиссариаты, кейін ІІМ басқарған, бұл оның мемлекеттік басқарудағы стратегиялық маңызын көрсетеді.
– Бірден аудандық мұрағаттар жүйесі құрыла бастады. Тіпті Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында да бұл жұмыс тоқтамады, – дейді Күләш Есімханова сарғайған беттерді парақтап. – Қызықты дерек: соғыс кезінде Павлодарға Тула облыстық мұрағатынан 44 700-ден астам құжат бес жүк вагонымен эвакуацияланған. Олар 1943 жылға дейін осында сақталды. Ал 1944 жылы облыстың барлық аудандарында аудандық мұрағаттар жұмыс істей бастады.
1990-жылдары мұрағат қызметі бірқатар қиындыққа тап болды. Шаруашылық есептегі аудандық мұрағаттар ашылғанымен, қаржылық қиындықтарға байланысты олар аудан бюджетіне тәуелді қалыпты мекемелерге айналды. Бұл Павлодар ауданы мұрағатына кері әсер етіп, құжаттар сақталып қалғанымен, мұрағат тек 28 жылдан кейін қалпына келді. 1998 жылы облыс әкімінің шешімімен мұрағаттар өңірлік қаржыландыруға көшіріліп, жағдай тұрақталды.
– Ол кезде мұрағат қызметін басқарған Вера Болтина мен Людмила Шевелева Павлодар қалалық жеке құрам бойынша мұрағатын құрып, бүгінде жойылған кәсіпорындардан құжат қабылдауды жалғастыруда, – дейді мұрағатшы. – 1998 жылы қабылданған заңмен мұрағаттағы құжаттарға ұлттық мұра мәртебесі берілді. Бұл заң құжаттарды сақтау – тек мемлекеттік емес, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың да міндеті екенін бекітті. Осылайша, мұрағаттың тарихи ғана емес, әлеуметтік мәні де заңмен нақтыланды.
Павлодар мұрағаттарында ерекше құнды қорлар сақталады: 1930–1950 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырағандар, соғыс ардагерлері мен Кеңес Одағы Батырлары туралы материалдар, қазақ рулары бойынша құжаттар, сондай-ақ көрнекті тұлғалар – Қаныш Сәтбаев, Николай Калинин, Дмитрий Багаев, Георгий Берестовскийдің жеке қорлары.
– Мысалы, ғалым, академик, ҚР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев 1920 жылдары Баянауыл ауданында би болған деген құжаттар бар, – дейді Күләш Есімханова. – Жас кезінен азаматтық істер мен мүліктік дауларды шешумен айналысқан.
Сондай-ақ жергілікті мұрағатта Павлодар Ертіс өңірінің тарихына қатысты шетелдік және отандық мұрағаттардан алынған түпнұсқаға теңестірілген құжаттардың үлкен топтамасы бар. Олардың көбі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан табылған.
– Қазір мұрағатқа өз шежіресін зерттегісі келетін азаматтар мен ғалымдар жиі жүгінеді. Туыстық байланыстарды растау қажет – бұл құпиялылық пен ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді, – деп түсіндіреді мұрағатшы. – Бірақ уақыт талабы өзгеріп келеді, қағаз ұзаққа шыдамайды. Сондықтан біз цифрлық технологияларды енгізіп жатырмыз.
Мұрағатта цифрландыру бөлімі жұмыс істейді. Ескі құжаттар цифрға көшіріліп, мәліметтер жоғалып кетпеу үшін сақталады.
Бүгінгі басты мәселе – сақтау алаңының жетіспеушілігі. Лермонтов көшесі, 51/1 мекенжайындағы 1964 жылы салынған ғимарат толып кеткен. Бектұров көшесі, 62/1 мекенжайындағы екінші ғимарат жөнделіп жатыр. Бірақ жөндеуден кейін де сақтау алаңы мәселесі өзекті болып қала береді.
Кей көрінгендей ескі сала емес, мұрағат ісіне жастар да қызығушылық танытып жатыр. Күләш Есімханова айтуынша, архивке жұмысқа орналасуға ниет білдірген тарих, филология түлектері көп.
Оның пікірінше, Павлодар облысындағы мұрағат ісі – бұл тек тарих қана емес, халық жады, құқық қорғау, ғылым мен қоғамның дамуына тірек. Ғасырлық жол дәлелдегендей, мұрағатсыз өткенді түсініп, болашақты сенімді түрде құру мүмкін емес.