Павлодар облысындағы ірі ұйымның басшысы 80 жылдық мерейтойын атап өтуде
Облыс әкімі оны жеке құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Рымтай Шөкеев мерейлі 80 жасқа толды.
Облыс әкімі Асайын Байханов туған күні Жеңіс күнімен тұспа-тұс келген мерейтой иесін құттықтады.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Рымтай Шөкейұлы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын аяқтағаннан кейін С. Торайғыров атындағы туған совхозында зоотехник болып еңбек етті. Одан кейін «Южный» совхозының директоры болып тағайындалды. Қайта құру жылдарында Лебяжі, Железин, Ертіс аудандарын басқарды. ҚР Құрмет орденінің иегері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған, облыстың және қызмет атқарған аудандардың Құрметті азаматы.
Өңір басшысы ардагерге іскерлік пен адал еңбектің жарқын үлгісін көрсете білгені үшін алғысын білдірді.
– Жеке және іскерлік қасиеттеріңіздің, ұйымдастырушылық қабілетіңіздің және маңызды мәселелерді шешудегі жауапкершілігіңіздің арқасында сіз өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қостыңыз, – деді облыс әкімі.
Мерейтой иесін әріптестері де құттықтады: Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Нәбиев, облыстың және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Александр Рюмкин, Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлбарам Науразбаева, Рымтай Шөкеев туралы очеркінде, өмірін адал қызметке арнаған – «мемлекеттік адам» деп жазған жазушы, журналист Юрий Поминов.