«SAMIYAN» вокалдық тобы павлодарлықтарға ерекше кеш сыйламақ

«SAMIYAN» вокалдық тобы павлодарлықтарға ерекше кеш сыйламақ
Фото: Филармониядан

Биыл аталмыш өнер ұжымының құрылғанына 10 жыл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «SAMIYAN» жай ғана ансамбль емес, Қазақстанда да, шетелде де жоғары бағаланатын мәдени бренд. 

Ерлер квинтеті шығармашылық тәжірибеден бастау алып, бүгінгі таңда өңір мен ел көлемінде кеңінен танылған әрі көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген ұжымға айналып отыр. 

– Ұжымның тарихы көркемдік жетекшісі Мәдина Нұрғожинованың бастамасымен, камералық хор солистерінің орындауында acappella бағытындағы ізденістен бастау алған. Бұл шығармашылық тәжірибе сәтті болып, уақыт өте келе Ертіс өңіріндегі алғашқы ерлер вокалдық квинтетіне айналды. Кейін ұжым түрлі байқауларда бақ сынап, беделді фестивальдердің лауреаты атанып, заманауи композиторлармен және авторлармен шығармашылық байланыс орнатты. Кейіннен Мәдина Қанатқызының жетекшілігімен «TABRIZ» әйелдер квинтеті құрылып, ол да өңір мен елдің музыкалық мәдениетінде өз орнын тапты, – делінген хабарламада. 

Мерейтойлық кеш барысында көрерменге бұрыннан таныс өміршең туындылармен қатар жаңа композициялар да ұсынылады. Оларды біріктіретін мәңгілік тақырып – махаббат.

Топ 5 жігіттен құралған. Олар - Қанат Әбдіғомар, Бағлан Тойбеков, Диаз Шахметов, Мақсат Нышанбаев және Аллажар Саттаров.

– Жігіттердің әрқайсысы – дара тұлға, ал бірге олар шынайылық пен терең эмоцияға толы ерекше атмосфера қалыптастыра алады. Әншілердің орындауында халық әндері, әлемдік хиттер, өткен жылдардың танымал әндері көрерменді нәзік сағынышқа бөлейді. Ұжым репертуары әртүрлі дәуірлерді, стильдер мен музыкалық дәстүрлерді қамтиды, қазақ лирикасынан бастап әлемдік классика мен эстрадаға дейін шырқалады, - деп толықтырды ұйымдастырушылар

Бұл кеш көрерменге сан түрлі сезім мен көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз. Эстрадалық классика сүйер қауым үшін Владимир Пресняковтың «Замок из дождя» әні және «Ласковый май» тобының попурриі ұсынылады. Бұл туындылар 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басындағы жастық шақтың, алғашқы сезімдердің, романтикалық кезеңнің атмосферасын қайта оралтады.

Бағдарламада «Если это не любовь», «Нелюбимая», «Ойладың ба», «Дариға жүрек» сияқты әндер терең мазмұнмен және ұлттық бояумен орындалады. Шетелдік бөлімде «Historia de un amor», «Cuidar nuestro amor», неаполитандық классика «Dicitencello vuie» және «Amore scusami» туындылары шырқалып, кешке ерекше әсер, сезім мен әуезділік сыйлайды.

Ұйымдастырушылар концерт басталғаннан кейін 10 минуттан соң зал есіктері жабылатынын және тамақ пен сусын алып кіруге қатаң тыйым салынатынын ескертеді. 

Кеш 10 сәуір күні сағат 19:00-де И.Байзақов атындағы филармонияның концерт залында өтеді. 

Билеттер филармония кассасында және Ticketon.kz онлайн сервистерінде қол жетімді.