Қарашада театрға баруға 8 себеп: Павлодар сахнасында қандай қойылымдар болады?
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры қараша айына арналған репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ай соңына дейін көрермендер назарына сегіз қойылым ұсынылады.
«Қызыл гүлдер» элегиясы
4 қараша, 18:30
Спектакльде ата-анасы үйге қалдырып кеткен бейкүнә бес қызды аяқ асты тұтанған өрт жалмап, күлге айналдырып кете барды. Олар бесеу еді, жайқалған бес гүл еді. Оттың ішіне оранған балдырғандардың тағдырына кім жауапты, кімнің кінәсі?
«Күшік күйеу» комедиясы
6 қараша, 18:30
«Күшік күйеу» – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін әзіл арқылы жеткізетін мазмұнды комедия. Басты кейіпкер Бекболаттың көзімен көрермен ауыл мен қала өмірінің айырмашылығын, дәстүр мен заманауи көзқарастың қақтығысын, тіл мәселесінің күрделілігін аңғарады. Қойылымда ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік, ұлттық құндылықтар мен отбасыдағы сыйластық терең әрі әсерлі бейнеленген.
Комедияның авторы – көрнекті қазақ жазушысы Тахауи Ахтанов, ал сахнаға лайықтап қойған режиссер – Жангелді Садықов.
«Балам, қашан келесің?..» драмасы
10 қараша, 16:00
Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол– «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?
Автор: Сәкен Сыбанбай. Режиссер: Жұлдызбек Жұманбай.
«Көңілді Роджер» ертегісі
12 қараша, 12:00
Шығарма достық, еркіндік пен батылдық тақырыптарын арқау етеді. Оқиға желісінде теңіз төбеттері мен теңіз мысықтары қазына іздеп, түрлі сынақтарға тап болады. Қызықты оқиғалар барысында кейіпкерлер бір-біріне сенуді, қорқынышты жеңуді және шынайы достықтың қадірін түсінеді.
Жарқын кейіпкерлер, әсерлі музыкалық сүйемелдеу және тартымды сахналық шешімдер көрермендерді қиялға толы теңіз әлеміне жетелейді. Ұйымдастырушылар қойылымның балаларға ғана емес, ата-аналарға да ерекше әсер сыйлайтынын атап өтуде.
Авторы – Данияр Салимзянов, режиссері – Әділет Ақанов.
«Бір досың керек екен» комедиясы
14 қараша, 17:00
Спектакльде жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос туралы болмақ. Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы суреттеледі.
Авторы: Георгий Хугаев. Аударған: Мұқанғали Томанов. Режиссері: Жангелді Садықов.
«Мұғалім» әлеуметтік драмасы
17 қараша, 16:00
Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.
Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.
19 қараша күні театр ұжымы екі қойылым қою үшін Екібастұз қаласына гастрольдік сапармен барады.
«Бір түп алма ағашы» драмасы
20 наурыз, 16:00
Бір отбасының балалары өсіп-өніп, өмірдің талабымен жан-жаққа тарап кетеді. Соған қарамай бір бірімен араласып, ағайындар тату болады. Ауылда аналары Дәметкен мен кіші інілері Мақсат тұрып жатқан туған үйлеріне ылғи да келіп тұрады. Бірақ соңғы кездері аналарына келулері сиреп, өзара қатынас та өзгере бастайды. Мұны әрбіреуінің өмірде алған орындарымен, жеткен жетістіктерімен байланысты деуге әбден болады.
Авторы: Әлімбек Оразбеков, режиссері: Ержан Қауланов.
«Біз туралы» («Жылымық» әңгімесінің желісі бойынша) лирикалық драма
25 қараша, 18:30
«Жылымық» – адам жүрегіндегі мейірім мен сағыныш, сүйіспеншілік пен кешірім жайлы сыр шертетін әсерлі драма. Қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкейдің бұл туындысы – адамның рухани әлемін, өмірдің аязды сәттерінде де жылылық табуға ұмтылған жанның ішкі күресін бейнелейді.
Қойылымда адам тағдыры, олардың өмірге, махаббатқа және бір-біріне деген сенімі көрініс табады. Суық қоғамда да адамды тірі ұстайтын күш – махаббат пен мейірім екенін спектакль әр көрінісінде сездіреді.