Павлодарда ауыл жастарын танытатын жоба бастау алды
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Аққулы ауданының кітапхана мамандары қала тұрғындары мен оқырмандарды жас, табысты жерлестерімен таныстырады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
«Жас уақыт. Аққулының жаңа тынысы» Аққулы ауданындағы жастардың, тумаларының жетістіктерімен танысуға, табысты, талантты, креативті, мақсатты жастарды қолдауға, олардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Кітапхана қызметкері Алпысбай Хонждың айтуынша, бұл жоба Павлодар облысының барша аудандарын қамтиды. Мақсаты – жергілікті ауылдардағы кітапханалардың жұмысын көрсету. Сонымен қатар, тасада қалған таланттарды, ауылдың жастарын облыс орталығына әкеліп, таныту.
– Бүгінгі шарада Аққулы ауданы өздерінің өнерпаздарын таныстырды. Олардың ішінде әншілер, ақындар, фотографтар, жүргізушілер бар. Бұл бір жағынан жас таланттарды қолдау болса, бір жағынан аудандық кітапханалардың жұмыстарын, тың жобаларын көру. Бәсеке бар жерде сапа да артады. Сондықтан тұрақты түрде әр аудан кітапханамызға келіп, өз өнерлерін көрсетеді. Жылдың соңында барлығын саралап, қорытындылаймыз, – деді Алпысбай Хонж.
Осындай жастардың бірі – 19 жастағы Құдайберген Бердімұратұлы. Ол жас болса да бірнеше редакцияда қызмет атқарған. Бұған дейін Ertis.tv телеарнасында, «Достық үйі» баспасөз қызметінде және бүгінгі таңда 31 канал телеарнасында тілшілік қызметін атқарады. Бұдан бөлек, түрлі шаралардың және кештердің жүргізуші қызметін де атқарады. Ән жазумен де айналысады, дегенмен өз туындыларын көпшілік алдына шығармаған.
– Мен бұл салаға кездейсоқ келдім. Мектепті аяқтаған соң физика-математика мамандығын таңдаған болатынмын, алайда журналистика мамандығын таңдауды жөн көрдім. Сондай-ақ, жайдарман ойындарының республикалық кезеңдерінде өнер көрсетіп, Аққулы ауданының намысын қорғап жүрдік, – дейді Құдайберген Бердімұратұлы.
Қонақтарға Аққулы ауданының суретшілері, фотографтары, жас ақындары мен жазушыларының «Art and photo gallery» көрмесі ұсынылады.
Сондай-ақ диалог алаңында жас ақындар, жазушылар, шығармашылық тұлғалар, блогерлер, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің фотографы Исабек Есенжол өнер көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді.