Павлодарда Үндістан бұрышы ашылды
Бұл екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Үндістан бұрышы С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жанынан ашылды.
- Бұрыштың ашылуы Қазақстан мен Үндістан арасындағы рухани байданысты және ынтымақтастықты нығайтады, мәдени қарым-қатынасты кеңейтуге жол ашады. Үндістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және елімізбен дипломатиялық қатынастар орнатқан алғашқы елдердің бірі. Екі мемлекет берік мәдени-гуманитарлық байланыстарды біріктіреді. Бұрыштың негізгі қызметі қазақ және үнді мәдениеттерін жақындастыруға бағытталатын болады, - деді ұйымдастырушылар.
Ашылу салтанатына Үндістанның Қазақстандағы елшісі Доктор Нагендра Прасад, Свами Вивекананда орталығының директоры Санджай Веди, зиялы қауым, кітапхана оқырмандары қатысты.
Салтанатты кеште Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның «Шернияз» би ансамблі «Кербез арулар» қазақ биін, Свами Вивекананда мәдени орталығының хореографы Видьягаури Хемант Адкар «Катхак» үнді биін орындаса, Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушылары Марден Әлинұр, Ардагелді Ақжан Абайдың өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде оқып, келушілердің ыстық ыұыласына бөленді.
«Айна» галереясында Павлодарлық суретші Светлана Кравченконың «Үнді бояулары» атты сурет көрмесі және үнді халқының тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті туралы кітап көрмесі ұйымдастырылды.