Тереңкөл ауданында ер адам көктайғақта құлап, екі тобығын сындырды
Оған тез арада ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ауа райының күрт өзгеруінен өңірде мұзда тайғанап құлап, жарақат алғандардың саны артуда. №1 қалалық аурухананың травматолог дәрігері, ортопед дәрігері Дәурен Смағұлов өткен тәулікте травматология бөлімшесіне жүгінген 80 адамның ішінен 16-сы көктайғақ салдарынан зардап шеккенін айтты.
– Кеше біздің ауруханаға жедел жәрдеммен Тереңкөлден ер адам жеткізілді. Ол үйінің ауласында көктайғақ салдарынан құлап, екі тобығын сындырды. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Қазір оның жағдайы жақсы, – деді дәрігер.
Ақ халаттының сөзінше, егер мұзда тайғанап, құлаған адам жабық немесе ашық сынық, сіңірдің созылуын мен буын жарақатын алса, онда ол ауруханаға жатқызылады. Ал ауыртып алу мен байламдардың созылуы – бұл ең жиі қойылатын диагноздар.
– Көбіне егде жастағы ата-әжелер, ерте таңертең жұмысқа баратын жұмыскерлер құлап, зардап шегеді. Кей адамдар бірден дәрігерлерге жүгінсе, басқалары уақыт созып, жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін аңғармай қалады. Сынықтар – бұл ауыр жарақат. Ол мүгедектікке әкеп соғады. Уақытында көмек алмай, өз бетіңізше емделіп, тұрғылықты жеріңіздегі емханаға бармасаңыз, оның салдары қайғылы болуы әбден мүмкін, – деп атап өтті Дәурен Смағұлов.
Оның пайымдауынша, көктайғақ кезінде құлаған адам тізе буындарына және қолына сүйенеді. Ал топтастырылған кезде басын, кеудесін, омыртқасын соғып алуы ықтимал.
Дәрігер көктайғақта құлап, ауыр жарақат алған тұрғындарға №1 қалалық аурухана немесе Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханадағы травмотологиялық бөлімшелеріне жүгінуге кеңес береді.
Сондай-ақ, ересектерден бөлек екі бала зардап шекті. Павлодар облыстық балалар ауруханасының травмпунктіне 4 қарашадан бастап көктайғақ салдарынан зардап шеккен 8 бала жүгінді. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаториялық емделуге жіберілді. 11 жастағы ер баланың кеуде омыртқасы сынса, 16 жастағы жасөспірім белінен жарақат алды.