Екібастұзда екі дәмханаға айыппұл салынды
Тәртіп сақшылары мен жастар бастамаларын дамыту орталығының қызметкерлері рейд жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күндік бірлескен рейдтік іс-шара барысында Екібастұз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мен Жастар бастамаларын дамыту орталығының өкілдері түнгі уақытта қаланың 10-нан астам ойын-сауық орыны мен компьютерлік клубты тексерді.
– Рейдтер нәтижесі бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болуының 5 фактісі анықталды. Ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Осыған ұқсас бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда 7 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған,– дейді департаментте.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін екі қалалық дәмхананың әкімшілігіне қатысты 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.