Баянауылда екі турист шыңда қалып қойды: Құтқарушылар дер кезінде жетті

Баянауылда екі турист шыңда қалып қойды: Құтқарушылар дер кезінде жетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оқиға Торайғыр ауылы маңында орналасқан «Батылдар шыңында» тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі ер адам тауға көтерілгенімен, жер бедерінің тік әрі қауіпті болуына байланысты кері түсе алмай қалған. Жағдайды байқаған куәгерлер дереу құтқару қызметіне хабар берген.

– Құтқару операциясына біздің бөлімшенің қызметкерлері жұмылдырылды. Таулы аймақта жұмыс істеу әрдайым тәуекелмен байланысты. Соған қарамастан, арнайы дайындықтан өткен мамандар азаматтарды қауіпсіз жерге түсіріп, эвакуациялады. Зардап шеккендер медициналық көмекке мұқтаж болмады, – дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінде.

Ведомство өкілдері табиғат аясына шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

– Әсіресе, тауға шығу кезінде ауа райын ескеріп, өз күшіңізді бағалаңыз. Бағытыңыз туралы туыстарыңызға алдын ала хабарлап отыру да маңызды, – дейді мамандар.

Айта кетейік, Баянауыл өңірі – табиғаты көркем, туристер жиі баратын аймақ. Мұндағы шыңдар мен жартастардың күрделілігі кейде күтпеген жағдайларға әкелуі мүмкін.

Еске салайық, мұндай төтенше жағдайлар кезінде 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.