«Тыс қалмау керек»: Павлодарда мәслихат төрағасы референдумға қос қызын ертіп келді
Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко №75 референдум учаскесінде таңдау жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Маңызды шараға отбасымен келуді әдетке айналдырған ол бұл жолы да саяси сәтке қос қызын ерте келген.
– Кез келген электоралдық кезең еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы оқиға деп білемін. Себебі, бұл – шешім қабылданатын маңызды сәт. Мен өскелең ұрпақ, жастар, отбасы мүшелері әрдайым осындай оқиғалардан қалыс қалмауы керек деп санаймын. Сондықтан әрбір сайлауға, электоралды процеске қыздарымды сайлау учаскесіне ерте келемін. Олар да елімізде оң өзгерістер болып жатқанынан хабардар болуы тиіс, – деді Илья Сергеевич.
Мәслихат төрағасы шешім қабылдау әр адамның дауысына тікелей байланысты екенін атап өтті. Себебі, референдумның да мәні осында жатыр.
Еске сала кетейік, өңірде 520 учаске ашылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыс тұрғындары үшін 510 мыңнан астам бюллетень дайындалған.