Павлодарда түлектер батыл мамандықтың беймәлім тұстарын ашты

Облыстық полиция департаментінде мектептер мен колледждердің түлектерін жинаған Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ішкі істер органдарындағы қызмет – мемлекетіміздің және оның әрбір тұрғынының тыныштығын, тұрақтылығын қорғауға арналған ең құрметті және батыл мамандықтардың бірі.
– Ашық есік күні әскери-патриоттық тәрбиеге, оқушылардың мәдени, рухани және зияткерлік ағартуына және полиция мамандығының имиджін көтеруге бағытталған. Түлектердің өз болашағы туралы ойлануға және ведомстволық полиция университеттеріне түсу үшін қажетті құжаттарды жинауға әлі уақыты бар. Біз әрқайсыңызды өз қатарымызда көруге қуаныштымыз және ішкі істер органдарының қызметкерлерінің ішінен курсанттарды міндетті түрде кездестіреміз, – деді облыстық полиция департамент бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.
Экскурсияның алғашқы аялдамасы тарих және жауынгерлік даңқ мұражайы болды. Онда балалар ведомствоның тарихы мен жетістіктері туралы білді. Олардың назарына әр түрлі дәуірлердегі ретрофотографиялар мен қайта жаңартылған нысанды киімдер, қару-жарақ, түрлі марапаттар мен ІІО қызметкерлерінің айырым белгілері түсті.
Мұражай бойынша экскурсиядан кейін қонақтар жедел басқару орталығына барды. Ол жерде балаларға құқықтық тәртіпті бақылау және азаматтардың нақты уақыт режимінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын заманауи технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді.
Криминалистика зертханасына бару – экскурсияның ең қызықты сәттердің бірі болды. Қонақтарға дәлелдемелерді талдаудың заманауи әдістері арқылы сараптамалар қалай жүргізіліп, қылмыстар қандай жолмен ашылатыны көрсетілді.
«Динамо» спорт кешенінде полицейлер қызметтік аттарды мақтанышпен таныстырды. Ақылды жануарлар қоғамдық орындарда полицейлермен бірге патрульдейді, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кеседі, тыныштықты қорғайды және көлік жете алмайтын учаскелерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, түлектер алдында әртүрлі тұқымды қызметтік иттері бар ит үйретушілер сөз сөйледі.
Полицейлер тапсырмаларды тиімді орындау үшін қажетті дағдыларды көрсетті және есірткінің зияны туралы түсіндірді, ал төрт аяқты сақшылар барлығын тапқырлығымен және адалдығымен таң қалдырды.
Оқушылар үшін қызметтік автокөліктерді көрсету сәті есте қаларлық болды. Полиция жас қонақтар мұқият қарап тұрған «Тигр» броньды машинасын, патрульдік машиналарды ұсынды. Оқушылар көліктердің жабдықталуын қызығушылықпен бағалады, бұл балалардың бойында көптеген жағымды эмоциялар мен қызығушылықтар тудырды.
ЖҚАЖ жауынгерлерінің қойылымдары балалардың ерекше ықыласына бөленді. Жауынгерлер оқушыларға күрес элементтерін көрсетті. Кейін балаларға қару-жарақ пен құрал-жабдықтар көрсетілді.
Тағы бір маңызды аспект – кәсіби бағдар. Мектеп түлектері мен колледж оқушыларына полиция ведомствосы жұмысының ерекшелігі туралы біліп қана қоймай, ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу туралы алғашқы ақпаратты алуға мүмкіндік туды. Бүгінде ІІМ жүйесінде Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында төрт оқу орны жұмыс істейді.
Іс-шараның шарықтау шегі дала асханасы болды, онда тәртіп сақшылары барлығына тәтті шай қосылған нағыз сарбаз ботқасын берді.
Балалар мен олардың ата-аналары іс-шараға қызығушылықпен қарады және мүмкіндікті пайдаланып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
– Ашық есік күні іс-шарасы аясында біз полиция қызметкері болу арманымызға бір қадам жақындадық. Кездесу қызықты өтті. Бізде тәртіп сақшыларының жұмысымен танысуға және қызметтің ерекшелігі туралы көбірек білуге ерекше мүмкіндік туды, – деп Қабанбай батыр атындағы «Жас Сарбаз» мектебінің 11-сынып оқушысы Дильназ Тілен мен Камила Дүйсенбенова әсерлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар полиция департаментіне полицияның қызметтік қызметін егжей-тегжейлі және қызықты сипаттағаны үшін алғыс білдірді. Өйткені, оқу орнының аяқталуы адам өмірінің бастапқы нүктесі болып табылады.