Трагедия мен бақыт: Павлодарлықтар маусымда қандай қойылымдарды тамашалайды?

Жаздың алғашқы айында театрда 36-шы маусымның жабылуы жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Халықаралық және Республикалық театр фестивальдерінің лауреаты Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры маусым айының репертуарын жариялады.
Көрермендер назарына жеті қойылым ұсынылады.
«Айлакер түлкі» ертегісі
1 маусым кіші залда сағат 10:00-де
Қуыршақтар арқылы балалардың адамгершілік қасиеттерін бойына дарытып, ойлау, есту, қабылдау қабілеттерін дамытатын қойылымның ұзақтығы 45 минут. Ол кішкентай көрермендерді татулық пен достыққа шақырады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кіру тегін.
Авторы – Валдис Павловскис, режиссері – Нұркен Тұрлыбек.
«Сезім үшін…» лирикалық кеш
7 маусым жаңа залда сағат 17:00-де
Махаббат әлемінде бір ғана заң бар – сүйгеніңе бақыт құрау. Кеште сол бақытты құрастыру жолындағы ғашықтардың бастан өткеретін хикаяларына куә болып, жүрек қылын шертер әндер шырқалады.
Авторы – Нұркен Тұрлыбек, режиссері – Әділет Ақанов.
«Ана -жер-ана» трагедиясы
12 маусым сағат 15:00-де
Театр ұжымы ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаеваның 70 жылдық мерейтойына орай қойылым ұсынады.
Жалпы көрерменге таныс бұл шығарма, соғыс жылдарындағы ел басына түскен нәубетті шынайы бейнелейді. Бір ғана Толғанай образы арқылы сол тұстағы жалпақ жұрттың өмірін көре аламыз. Баласынан айырылған ана тағдыры мен көкірек жарды тілектері сахнадан орын алған. Ашаршылыққа ұшыраған қарапайым адамдардың бір үзім нандарын соғыс алаңына жөнелту арқылы жеңіс күнін жақындатты.
Авторы – Шыңғыс Айтматов, қоюшы режиссер – Ерсайын Тәпенов.
«Бір досың керек екен...» комедия
27 маусым сағат 18:30-да
36-шы маусымның жабылуында халықтың сұрауы бойынша комедия қайта сахнада қойылады.
Спектакльде жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос туралы болмақ.
Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы көрсетіледі.
Спектакль қазақ тілінде және орыс тілінде синхронды аудармасымен өтеді.
Авторы – Георгий Хугаев, аударған – Мұқанғали Томанов, режиссері – Жангелді Садықов.
Сондай-ақ, 2-5 маусым күндері 1001 түн ертегісінің желісі бойынша Бекзатхан Шолпанқұлдың «Аладдин» ертегісі кішкентай көрермендердің назарына ұсынылады. 16-20 маусым күндері өтетін «Жеті ойыншықтың жеңісі» ертегісінде ұлы көшпенділердің айрықша мәдениетті игеріп, адамзат тарихында өзгеше өрнегі бар өрелі өркениет қалыптастырғаны туралы баяндалады.
Ал, 9-13 және 24-25 маусым күндері орыс халық ертегісінің мазмұнына сай өрбитін «Қасқыр және жеті лақ» ертегісі қойылады.
Балаларға арналған барлық қойылымдар сағат 10 және 11:00-де басталады.