Павлодарда айтыскер Қимадиден Нығмановты еске алу әдеби-рухани кеші өтеді
Кездесуде ақынның ұрпақтары мен жақын таныстары тың деректермен бөліседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айтыскер, ақын, шежіреші, жыршы Қимадиден Нығмановтың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әдеби-рухани еске алу кеші өтеді.
– Келелі кездесуге Қимадиден Нығмановтың ұлдары – Қазыбек пен Қалыбек Нығмановтар, қаламгердің немере інісі - Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актеры Руслан Нығманов арнайы қатысады,– деді кітапханада.
Оның немере-шөберелері айтыскер туралы тың деректермен бөліседі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақынның шығармашылығы мен тұтынған жеке заттарынан арнайы көрме дайындап, көпшіліктің назарына ұсынады.
Әдеби шара 11 қаңтарда сағат 11:00-де басталады.
Қимадиден Нығманов 1924 жылы 11 қаңтарда Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылында дүниеге келген. Әкесі Нығман Ертіс өңірінің Естай, Құдайберген сияқты ақындарымен замандас болып, солардың өлең-жырларын айтып, таратып отырған. Шешесі де өлеңге әуес болған. Өнер сүйгіш жанұяда өскен Қимадиден де өнерге жастай талпынған. Ол көптеген толғау, арнау өлеңдер жазып, айтыстарға қатысып отырған. Ақын ауыз әдебиетінің нұсқауларын жинаумен айналысты.