Успен ауданында ішімдік ішкен ана кәмелетке толмаған балаларынан айырылды
Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әйел бірге тұратын ер адам мас күйінде оған жанжал шығарғаны үшін Успен аудандық полициясына қоңырау шалып, көмек сұраған. Екеуінің арасындағы жанжал әйелдің басқа досымен ішімдік ішкеннен туындағаны анықталды. Бұл медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.
– Бірге тұратын ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша учаскелік инспектор ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материал сотқа жіберілді,– деді департаментте.
Сонымен қатар, әйелдің асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екендігі анықталды. Шақыртуға келген полицейлер үйде тазалық жоқ екені, балалардың толыққанды тұруы үшін жағдайлар болмағанын байқады.
– Осыған байланысты, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал сотқа жіберілді,– деп хабарлады департаментте.
Сондай-ақ, ананың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аудандық комиссияның отырысында қаралды. Комиссияда ананы ата-ана құқықтарынан шектеу туралы шешім қабылданды. Білім беру органдары материалды сотқа дайындайды.
Оның асырауында болған балалар мемлекеттік мекемелерге орналастырылды: 8 және 12 жастағы екі бала Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілді. Ал 2 және 4 жастағы екі бала облыстық балалар үйіне орналастырылды.