Павлодар облысында түнгі уақытта шулаған бес мыңнан астам тұрғын айыппұл арқалады
Пәтерде түнгі уақытта жөндеу жүргізгендер мен қатты музыка қойғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде тыныштықты бұзған 5 442 азамат анықталған. Тәртіп сақшылары көршілердің мазасын алған жеке тұлғалармен қатар, түнгі уақытта шу шығарған көлік жуу, кафе мен ойын-сауық орындарының иелеріне де шара қолданды.
– Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны пәтерінде сағат 23:30-ға дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Көршілерінің шағымы бойынша жеткен полицейлер ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабымен 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салды, – деп хабарлады полицияда.
Полиция қызметкерлері заң бойынша жұмыс күндері сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін, ал демалыс күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштық режимін сақтау міндетті екенін еске салады. Тәртіп бұзылған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға болады.