Павлодарлық студент жүздеген доллар табыс әкелетін жобамен көзге түсті

Ол 14 жасынан бағдарламалаудағы арманына жол тарта бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстанда IT саласы қарқынды дамып, жаңа буын жастары жаңа табыстарымен қуантуды жалғастыруда. Солардың бірі – Павлодардағы ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Жан Бейсикеев. Бар-жоғы екінші курсқа енген жас талант Қазақстандағы ең беделді бағдарламалардың бірі – nFactorial Incubator жобасының финалисі атанып отыр.
Биылғы маусымға үш мыңнан астам өтініш қабылданғанымен, олардың ішінен бар болғаны 25 қатысушы ғана Demo Day финалында өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Жан сол үздіктердің қатарынан көрініп, өз стартап идеясын сәтті қорғап шықты.
Жас жеңімпаздың айтуынша, бағдарламалау саласына деген қызығушылығы жасөспірім шағында пайда болған.
– 14 жасымда өз жобамды жасап, бір жағынан тәжірибе жинап, аз да болса табыс табуды армандадым. Әртүрлі мақалалар оқып, кітаптармен танысып, өз бетімше үйрене бастадым. Кейін фрилансқа шығып, түрлі жобалар жасадым. Бір жылдан астам уақыт бойы тәжірибе жинаған соң, nFactorial Incubator сайысы мен үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді ол.
Жас студент nFactorial бағдарламасы жайлы YouTube арқылы білген. Қатаң іріктеу кезеңінен өтуіне қарамастан, оны қиындық емес, ерекше тәжірибе ретінде қабылдады.
– Тапсырмалар қызықты болды, ал менторлар шынымен шабыттандырады, – дейді Жан Бейсикеев.
Алматыдағы 10 апталық бағдарлама барысында Жан өз стартабын – MenoAI жобасын жасақтады. Бұл сервис Instagram-дағы контентті жасанды интеллект көмегімен автоматтандыруға бағытталған.
MenoAI арқылы қолданушылар посттарды – сурет, мәтін, хэштег пен stories-ті бірнеше секундта дайындай алады. Қазіргі таңда жобаның мыңнан астам тұрақты пайдаланушысы бар, алғашқы жүздеген доллар табыс әкелген.
– Жобаның басты артықшылығы – уақытты үнемдеуі. Шығармашылық блокты жеңіп, рутинаны азайтады, – дейді Жан Бейсикеев.
Жас ойлаушының жетістіктері nFactorial School негізін қалаушысы Арман Сулейменовтің назарынан тыс қалмады. Ол студентке ресми түрде программа құрастырушы қызметін ұсынды. Қазір Жан оқуын қашықтықтан жалғастыра отырып, компанияда нақты жобаларға атсалысуда.
– Алдағы жоспарым IT саласында білімімді тереңдету, hard және дағдыларымды жетілдіру. Болашақта өз компаниямды құрып, ірі жобалардың фундаменттін құйғым келеді. Ең бастысы – бастау. Бастаған адам ғана нәтиже көреді, – дейді ол.
Қазақстандық жастардың арманына адалдық пен еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеп отырған жас маман. Оның табыстары IT саласының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын және жаңа буынның жаһандық деңгейде өз орнын таба алатынын көрсетеді.