Жас футболшылар додасы: «Ертіс» QJ League маусымын бастады
Қазақстанда жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған QJ League жобасының U15 жас санатындағы ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 жасқа дейінгі ойыншылар қатысатын бұл біріншілік - болашақ кәсіби футболшыларды дайындайтын негізгі алаңдардың бірі.
Павлодарлық «Ертіс» маусымдағы алғашқы кездесуін Алматының «Қайрат» ұжымына қарсы өткізді. Матч қорытындысы 0:4 есебімен аяқталды.
Кездесу нәтижесі павлодарлық команда үшін сәтсіз болғанымен, бапкерлер штабы бұл матчты маусым басындағы қалыптасу кезеңінің бір бөлігі ретінде бағалап отыр. Жас футболшылар үшін жоғары қарқындағы ойын тәжірибесі, қарсыластың қысымы мен турнир атмосферасы маңызды мектеп саналады.
Команданың бас бапкері Нұрлан Байжұмановтың айтуынша, биылғы құрам айтарлықтай жаңарып, бірнеше жас ойыншы алғаш рет республикалық деңгейдегі жарысқа қатысып отыр. Сондықтан негізгі мақсат- нәтиже ғана емес, ойыншылардың тактикалық және психологиялық тұрғыдан қалыптасуы.
Чемпионаттың екінші турында «Ертіс» сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасымен кездеседі. Ойын 25–26 сәуір күндері Қарағанды қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл матч павлодарлықтар үшін турнирдегі алғашқы ұпайға талас болатын маңызды сын болмақ.
QJ League додасы еліміздегі футбол академиялары арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, жас таланттарды ерте жастан кәсіби ортаға бейімдеуді көздейді. Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай жарыстар арқылы Қазақстан футболының болашағын қалыптастыратын жаңа буын өсіп келеді.
Маусым енді ғана басталды. Ал жас «Ертіс» ойыншылары алдағы кездесулерде тәжірибе жинақтап, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуға тырысатыны анық.
Тимур Серікбол