Павлодарлық футболшылар нәтижелі рекордын қайталады
«Ертіс» сырт алаңда «Жетісу Ж» командасына қарсы ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Матч Талдықорған маңындағы Балпық би кентінде өтті. Павлодарлықтар бірден басымдығын танытып, допты өз бақылауына алды. Арман Смайылов пен Александр Бовкун шабуылшылар жұбы сауатты ойын көрсетті. Соңғысы әрбір ойын сайын шеберлігін шыңдап келеді.
Есепті де сол Александр Бовкун ашты. Ол Әмір Мұралиновтың алаң ортасынан берген пасын қабылдап, келесі қимылмен допты «Жетісу» қақпасынан бір-ақ шығарды. Гол соққаннан соң «Ертіс» қарқынды бәсеңдетті. Алайда қарсыластар павлодарлықтардың бұл жомарттығынан ешбір нәтиже шығара алмады.
Екінші тайм басында Әмір Мұралинов тағы да пас берудің шебірлігін танытты. Алаң ортасында тұрып, ол Арман Смайыловтың жақсы позицияда тұрғанын байқап, соған пас шығарды. Шабуылшы алаң қожайындарының қақпашысынан допты әдемі асыра салды. Сәл кейінірек алаңға команданың жаңа ойыншысы Жасұлан Қайыркенов шықты. Ол бірден Арман Смайыловқа ассист жасады.
Бірнеше минуттан соң өзін жақсы жағынан көрсеткен жаңадан келген жартылай қорғаушы Аспандияр Ержанға дәл пас жасап, соңғысы есепті 4:0-ге жеткізді. Матч соңына таман Руслан Есімов пен Никита Боровскый бір-бір гол соғып, кездесудің нүктесін қойды – 6:0.
Естеріңізде болса, 9 мамыр күні Павлодарда дәл сондай есеп тіркелген еді. Бірінші турда «Ертіс» «Тобыл» жастарын 6:0 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Павлодарлықтардың қарсыласы – «Шахтер Ж» өз кезегінде «Елімай Ж» командасын ұтып, Екінші лиганың бірінші орнын сақтап қалды. Командалар арасындағы үш ұпайлық айырма сақталды. «Ертіс» екінші орында келеді.