Кабо-Верде құрамасы тарихи жеңіске жетті
Кабо-Верде құрамасы тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының H тобындағы үшінші турда Кабо-Верде мен Сауд Арабиясы құрамалары 0:0 есебімен тең түсті. Хьюстондағы (АҚШ) NRG Stadium аренасында өткен кездесуде командалар бір-бірінің қақпасына гол соға алмады.
Бұл нәтиже Кабо-Верде үшін тарихи жетістік болды. Дебютант команда топтық кезеңді үш ұпаймен аяқтап, H тобында екінші орынға ие болып, алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Топ жеңімпазы атанған Испания жеті ұпай жинады. Уругвай екі ұпаймен үшінші орынға тұрақтаса, Сауд Арабиясы да екі ұпай еншілегенімен, қосымша көрсеткіштер бойынша соңғы орынға қалып, турнирмен қоштасты.
Енді 1/16 финалда Кабо-Верде құрамасы әлемнің қазіргі чемпионы Аргентинамен кездеседі. Бұл қос команда арасындағы әлем чемпионаттарындағы алғашқы матч болмақ.