Павлодарлық футболшы өз командасымен Конференциялар Лигасына қадам басты
Өкінішке орай, оның әріптестері сәтсіздікке ұшырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» футбол орталығының түлегі Арман Кеңесов доп тебетін «Ақтөбе» УЕФА Конференциялар Лигасының бірінші іріктеу кезеңінің бірінші матчын өткізді. Қобыланды батыр атындағы стадионда батысқазақстандықтар босниялық «Сараевоны» қабылдады. Дмитрий Парфенов шәкірттері төреші ысқырық шалысымен алға ұмтылды, алайда бұл еш нәтиже бермеді.
Босниялықтар барлық балқан командаларына тән сипатта қарсылас шабуылдарына тойтарыс берді. Қонақтар жиі-жиі симуляция жасап, уақытты созумен болды. Оның үстіне бұрынғы югослав футболшыларының шеберлігін де естен шығармаған жөн. Әрине, «Сараево» қақпасының маңында қауіпті сәттер болып жатты, бірақ «Ақтөбенің» шабуылдары уақыт өткен сайын сиреді.
Екінші таймда команданың бас бапкері финалдық штурм жасау ниетімен алаңға бірқатар жаңа ойыншыларды шығара бастады. Матч аяқталуға бес минут қалғанда орталық қорғаушының орнына шабуылдаушы жартылай қорғаушы Арман Кеңесов шықты. Павлодарлық өзіне берілген аз уақытта ойынға ешбір өзгеріс енгізе алмады.
90-минутта «Ақтөбенің» жағдайы одан сайын қиындай түсті. Ганалық ойыншы Франсис Кьереме Игорь Шацкий қорғаған қақпаны дәл көздеп, «Сараевоға» жеңіс әперді.
Қарымта кездесу 18 шілдеде Боснияда өтеді. Аталмыш жұптың жеңімпазы екінші кезеңде швейцариялық «Цюрихпен» ойнайды.