Железин ауданында қарақұмықтың 600 гектары күйіп кетті

Железин ауданында қарақұмықтың 600 гектары күйіп кетті
Фото: Константин Шелков

Ауданда егілген жерлердің 84 пайызы қанағаттанарлық деңгейде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов мәлім етті.

– Барлығы 145 мың гектар жер егілді. Сараптама бойынша оның 120 мың гектары қанағаттанарлық деңгейде деп танылды. Оның ішінен егістіктің алты пайызы нашар және он пайызы зардап шекті. Ал жалпы аудан бойынша егістің шығымы жаман емес, – деді Айтуған Шайхимов. – Кейбір ауылдардың диқандар Лесное, Алакөл гектарына 10 центнерден бидай аламыз деп жоспарлап отыр. Биылғы қуаңшылық жағдайда бұл өте жақсы көрсеткіш деп есептейміз. 

Оның сөзінше, қуаңшылық салдарынан қарақұмықтың 600 гектары күйіп кетті. 

– Былтыр орташа алғанда бір гектардан тоғыз центнер алсақ, биыл сегіз центнер аламыз деп болжап отырмыз. Кейбір шаруа қожалықтарының басшылары егілген дақылдардан 10-12 центнер өнім аламыз деп жоспарлап отыр, – деді аудан әкімі. 

Айтуған Шайхимовтың айтуынша, ауданда қысқа жем-шөп дайындығы басталған.  

– Үлкен шаруалар 12 мың гектарда біржылдық, көпжылдық шөп, жүгері дақылдарын егіп, өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндіктері бар. Аулада ұстайтын жеке меншік шаруалар малдарды қысқы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де біздің бақылауымызда. Шамамен 110 мың тонна шөп азығы қыстан шығуға керек болса, бүгінде оның 40 пайызы дайындалды. Түсімі 3,5 центнерді құрап отыр, – деді аудан әкімі.–  Шаруалармен шөптің де бағасын аса көтертпей келісіп отырмыз. Өткен жылдың деңгейіндегі бағаны ұстап жүрміз. Жобамен бір тіркеме шөптің бағасы 60-65 мың теңге шамасында, 300 келіден асатын бір рулон сапасына қарай 8-10 мың шамасында. 

Одан бөлек, аудан бойынша 10 мың гектар суармалы алқап бар, оның ішінде 600 гектар жерінде дақылдары егілген.