Павлодарлықтар су тасқынынан зардап шеккен әріптестеріне көмектесті
Оларға мемлекеттен жаңа үй салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқыны кезінде Павлодар электржелістік тарату компаниясында жұмыс істейтін үш қызметкердің отбасы зардап шекті.
Мархабат Сматаев және Нұрбек Батырханов Ақтоғай ауылында 110/35/10 кВ «Ивановка» қосалқы станциясында кезекші электрмонтер қызметін атқарады. Наурыз айында олардың үйін су басты. Мархабат Сматаевтың үйі тұруға жарамсыз деп танылды. Мемлекеттен оған ауылда жаңа үй салынады. Нұрбек Батырхановқа жөндеу жұмыстары үшін өтемақы төлемдері жүргізілді.
– Мен мұндағы еңбек жолымды 1992 жылы бастадым, өндіруші, шебер болып жұмыс істедім. Кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілім 32 жыл, – дейді Мархабат Сматаев.
«ПЭТК» АҚ қосалқы станцияларына қызмет көрсету жөніндегі маман Мирас Шандыбасов Ленин кентінде тұрады. Су тасқыны салдарынан оның үйі де бүлінді: күрделі жөндеу және жаңа жиһаз қажет.
– Мен қосалқы станцияда төрт жылдан бері жұмыс істеп келемін, ауысыммен жұмыс істеймін. Су тасқыны кезінде біздің үйіміз алты күн бойы су астында қалды, – дейді Мирас Шандыбасов.
Аталмыш компания қызметкерлері әріптестеріне көмек ретінде қаржы жинап берді.