Павлодарда сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсету жобасы іске қосылды
Мамандар оларға әлеуметтік жайластыруға қатысты барлық мәселелер бойынша жан-жақты кеңестер берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық мансап орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№63 мекеме» РММ-де «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру шарасы өтті.
– Бұл жоба сотталғандарға уақытылы және сапалы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жүзеге асырылды. Әлеуметтік жоба жазасын өтеу орындарынан босатылған азаматтардың жұмысқа орналасуына және күнделікті өміріне көмек көрсетуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін мекемеге Павлодар қаласы пробация қызметінің инспекторы әділет лейтенанты Әлихан Серіков, «Антарес» қоғамдық қорының өкілі Рүстем Қайсағалиев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Лаптев, «Павлодар мансап орталығы» филиалының басшысы Сүйіндік Бөтенов және филиал маманы Альфия Шабамбаева келді.
Кездесу барысында сотталғандар әлеуметтік жайластыруға қатысты барлық мәселелер бойынша мамандардан жан-жақты кеңестер алды. Оларға тұрғылықты жері бойынша бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріліп, жұмысқа орналасу және шаруашылық жүргізуде, қажетті құжаттарды алуда көмекке жүгіну тәртібі түсіндіріліп, пробациялық бақылаудың мәні түсіндірілді.