Павлодарда Сурдлимпиада жүлдегері Ольга Гараеваға жаңа пәтердің кілті табысталды

Павлодарда Сурдлимпиада жүлдегері Ольга Гараеваға жаңа пәтердің кілті табысталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүлдегерді бүгін облыс орталығының басшысы Хасар Хабылбеков қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Токио қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль иеленген Ольга Гараеваға жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған кездесуде қала әкімі спортшыны айтулы жетістігімен құттықтап, оның Қазақстанның және туған жері Павлодардың намысын абыроймен қорғағанын атап өтті.

– Құрметті Ольга Анатольевна, Сізді Токио қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында күміс медаль иеленіп, айтулы жетістікке жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз халықаралық додада жоғары шеберлігіңізді, қайсарлығыңыз бен жеңіске деген жігеріңізді танытып, еліміздің және туған Павлодардың абыройын асқақтаттыңыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Қала әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде спортты дамытуға және спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті.

Ольга Гараеваның жетістігінің орны ерекше. Оның Сурдлимпиададағы күміс медалі – Павлодар облысы тарихындағы осы ойындардан енген алғашқы жүлде. Бұл – өңір спорты үшін тарихи жетістік әрі бүкіл Павлодар облысы үшін зор мақтаныш.

Кездесу барысында Хасар Хабылбеков спортшыға еңбегі мен спортты дамытуға қосқан үлесін бағалаудың белгісі ретінде «Спорт саласының үздігі» төсбелгісін де табыстады.

– Сіздің жетістігіңіз – бүкіл өңір спортшылары үшін үлкен мотивация. Сіз – еліміздің және туған өңіріңіздің мақтанышысыз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жаңа спорттық жетістіктер және халықаралық аренада толағай табыстар тілеймін. Жеңістеріңіз көп болсын, – деді қала әкімі.

Ольга Гараеваға жаңа пәтердің кілтінің табысталуы – оның тарихи жетістігіне көрсетілген құрмет пен спортшыларға қолдаудың нақты көрінісі болды.