Павлодар облысында Құрылтай сайлауына дайындықтың негізгі кезеңі басталды

Павлодар облысында Құрылтай сайлауына дайындықтың негізгі кезеңі басталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Үгіт науқаны жақын күндері басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға Павлодар облысында дайындық жалғасуда. Өңірде 522 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның 21-і шектеулі қолжетімділігі бар нысандарда орналасқан.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, науқанды ұйымдастыруға 536 комиссия мен 3446 адам тартылады.

Қазір облыс, қала және аудан әкімдіктері сайлаушылардың деректерін нақтылап жатыр. Бұл жұмыс екінші тамызға дейін жалғасады. Ал жетінші тамыздан бастап әрбір азамат өзінің тізімге енгізілгенін тексере алады. Ең бастысы – тұрғындардың дауыс беру күні учаскеге келіп, конституциялық құқығын пайдалануы, – деді төрайым.

Екінші тамызда тізімдер учаскелік комиссияларға табысталады. Ал үшінші тамыздан бастап олар жұмысқа кіріседі. Оған дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толатын Қазақстан Республикасының азаматтары да енгізіледі.

Жетінші тамыздан бастап тұрғындар жеке куәлігін көрсету арқылы өз мәліметтерін тексере алады. Өзге адамдардың деректерін қарауға рұқсат етілмейді. Егер азамат 23 шілдеге дейін басқа елді мекенде дауыс беретінін білсе, тиісті өтініш жазуы қажет. Осыдан кейін ол тіркелген жеріндегі тізімнен шығарылып, уақытша болатын жеріндегі сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Есептен шығару куәлігі 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. Құжат жоғалған жағдайда қайта рәсімделмейді, – деді Гүлнар Аманжолова.

Өзінің дауыс беру орнының мекенжайын тұрғындар колл-орталықтар, WhatsApp қызметі немесе ЖСН арқылы жұмыс істейтін Telegram-боттың көмегімен анықтай алады. Колл-орталықтар облыстың барлық қала-ауданында күн сайын сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін қызмет көрсетеді.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы орталық сайлау комиссиясы әзірлеген бағдарлама бойынша комиссия мүшелерін оқытуды жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде 98 аумақтық комиссия мүшесі даярлықтан өтті. Үшінші тамыздан кейін 3348 учаскелік комиссия мүшесі практикалық тапсырмаларды орындап, QR-код арқылы онлайн тест тапсырады. Оқыту жұмысына саяси партиялар, бақылаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысады.

23 шілде сағат 18:00-де партиялық тізімдерді тіркеу аяқталады. Осы уақыттан бастап сайлауалды үгіт науқаны басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де тоқтайды. Өңірде үгіт материалдарын орналастыру үшін 700-ден астам орын белгіленген. Ал сайлаушылармен кездесу өткізуге шамамен 200 нысан дайындалған.

Қосымша дауыс беру орындары ашылмайды. Бұрынғыдай 522 учаске жұмысын жалғастырады. Әзірге сайлаушылардың нақты саны мен облысқа тиесілі депутаттық мандаттар саны белгісіз. Бұл мәліметтер тізімдер толық нақтыланып, республика бойынша дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін анықталады, – деді комиссия төрағасы.

Қазір Павлодар облысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының екі ұзақ мерзімді халықаралық бақылаушысы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, өңірдегі аккредиттелген жеті қоғамдық бірлестік өз бақылаушыларын ұсына алады. Заң бойынша азаматтың қандай киіммен келуіне шектеу қойылмайды. Егер оның жеке басын куәландыратын құжаты болып, тізімге енгізілген болса, комиссия бюллетень беруге міндетті.

Айта кетейік, дауыс беру 23 тамызда өтеді.