Железинкада суық болмайды: ауылда қазандық жаңартылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Железин ауданындағы Железинка ауылында жаңартылған қазандықтың жұмысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба аясында қазандықтың жобалық қуаты үш МВт-тан алты МВт-қа дейін арттырылды. Қазандық жабдықтары толық жаңартылып, жылу желілерінің шамамен үш шақырымы қайта ауыстырылды. Сонымен қатар құбырлардың диаметрі ұлғайтылып, жаңа түтін мұржасы мен түтін сорғыштар орнатылды.
- Бұған дейін мұнда жылу жетіспеушілігі мәселесі болды, жабдықтар моральдық тұрғыдан ескірген еді. Қазір заманауи қондырғылар орнатылды. Олар тұтынушыларды 85 градусқа дейінгі температурада тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жылумен қамту бойынша мәселе болмауы тиіс, – деді «ЭМИ» ЖШС директоры Анатолий Резмерица.
Оның айтуынша, жаңа қазандықтар өңірдің климаттық жағдайын ескере отырып жасалған. Жабдықтарды дайындау кезінде сапалы жіксіз болат пайдаланылған. Компания қазандық жабдықтарын өндіру саласында бес жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде шамамен 40 нысанды іске асырған. Жаңартылған қазандық Железинка ауылындағы шамамен 150 тұрғын үй мен 35 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
«Көмек» КММ директоры Әділ Сәдібековтің айтуынша, бұрынғы қазандық 1970 жылы салынған. Жабдықтардың толық ауыстырылуы жылумен жабдықтауға байланысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Жылыту маусымына дайындық кезең-кезеңімен жүргізілуде. Әлеуметтік нысандарды 15-20 қыркүйек аралығында жылуға қосу жоспарланған. Ал қазандық қазан айының басында толық қуатына шығуы тиіс.
Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов қазандыққа іргелес аумақтың абаттандырылуына да назар аударды. Әкім аумақты ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын апта соңына дейін аяқтауды тапсырды.