Павлодар облысында ақаулар анықталған жолдар мердігерлер есебінен қайта жасалды
Мамандар жолдардың сапасын тексеру үшін 600-ден астам тексеру жүргізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығының мәліметінше, жыл басынан бері Ұлттық жол активтері сапасы орталығының Павлодар филиалы мамандары жол учаскелерін жөндеу және күтіп ұстау объектілеріне 619 рет шыққан. Орталық мамандары 1633 жол-құрылыс материалы сынамасын алып, оның 398-і нормаларға сәйкес келмеген. Анықталған 316 ақаудың 147-сі жойылмаған. Негізгі ақаулар – автомобиль жабынындағы көлденең және бойлай жарықтар, төселген жабынның тегістігінің сәйкес келмеуі.
– Орталық инженерлері республикалық маңызы бар жолдарға 143 шығу барысында жол-құрылыс материалының 223 сынамасын алды. Зертханалық сынақтардың нәтижесінде 92 сынама нормаларға сәйкес келмейді. Анықталған 243 ақаудың 107-сі жойылған жоқ, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалының бөлім басшысы Марат Валиев.
Облыстық маңызы бар жолдар бойынша 296 жол-құрылыс материалы алынып, 56-сы сәйкес келмеді. Анықталған 37 ақаудың 15-і жойылмады.
Аудандық маңызы бар жолдар бойынша сынамаға алынған 350 жол-құрылыс материалының 32-сі сәйкес келмеген. Анықталған 22 ақаудың 13-і жойылған жоқ.
Бүгінде көптеген аудандарда жол-құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл Ертіс, Железин, Успен, Ақтоғай, Шарбақты, Тереңкөл аудандары. Баянауыл, Аққулы, Май, Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Тапсырыс берушілер мен мердігер ұйымдардың атына анықталған бұзушылықтар мен түзетулер бойынша шаралар қабылдаудың мерзімдері көрсетілген хаттар жіберілген.
Жыл басынан бері бұрын анықталған ақауларды жою бойынша мердігерлік ұйымдар есебінен жалпы сомасы 131 млн теңгеге жұмыстар қайта жасалды.