Баянауыл ауданында нашар жолды ретке келтіру жұмыстары аяқталады

Баянауыл ауданында нашар жолды ретке келтіру жұмыстары аяқталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл ауданнан шығатын және ішкі жол бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жолдардың сегіз бағытын орташа жөндеуге облыс бюджетінен 2 323,9 миллион теңге қаражат бөлінді. 

– Былтыр Майкөбе карьерінің маңында орналасқан инфрақұрылым дамыту мақсатында жолдарды жөндеу жұмыстарын бастаған болатынбыз. Оның ішінде Сұлужон ауылына баратын 26 шақырымның 9 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні қалған 16 шақырымына асфальт төселуде, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев. 

Маусым айының 20-да Шөптікөл аулына кіретін 5,2 шақырым жолды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Екібастұздық мердігер «DAVO» ЖШС жол учаскесін жөндеумен айналысады. 

Майкөбеге баратын аудандық маңызы бар жол бөлігінің үш шақырымына да асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған. Ертіс ауданының мердігері «Нұрал» ЖШС жөндеуді шілдеде бастайды. 

– Ұзынбұлақ ауылына баратын аудандық маңызы бар 41 шақырым жолды құрайды. Облыс әкімінің қолдауымен жұмыстар 2023 жылы басталып, биыл соның 15 километр жолына қаражат бөлінген. Инерттік материалдар жеткізілуде, – деп атап өтті Ардақ Кісентаев. 

Еске сала кетейік, 2023 жылы Теңдік-Ұзынбұлақ тас жолының 11 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірнеше жыл бұрын көктемде жүк көліктері жөнделген учаскеден жүрген кезде бес километр жолдың бұзылғаны анықталды. Мердігер кепілдік жарнасымен өз ақшасына қайтадан жолды жөндеуге міндетті болды.

Осылайша Ұзынбұлақ ауылына апаратын жол 2025 жылы толықтай жөнделуі тиіс.

Одан бөлек Жаңажол ауылдық округі М.Жүсіп ауылында 2,7 шақырым, Баянауыл ауылында 8,5 километрге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. 

Майқайың кентінде үш километрді құрайтын тротуар құрылыс жұмыстары басталды. Жергілікті бюджеттен екі аула абаттандырудан өтетін болады. Облыс әкімінің қолдауымен 2024 жылы жеті ауланы абаттандыру жұмыстары өткізілді, биыл да жұмыстар жалғасын табуда.