Павлодар автопаркі жаңа автобустармен толықты: жолаушыларға жайлылық артады

Олар 1 және 1Э бағыттары бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Павлодар автокомбинаты» ЖШС 2025 жылы шыққан YUTONG маркалы жаңа 20 автобуспен толықты.
– Автобустардағы отыратын орындар саны – 35, ал жалпы сыйымдылығы – 93 адам. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін олар пандустармен, кондиционерлермен, қараңғыланған әйнектермен және радиаторлармен жабдықталған. Ертең үлкен сыйымдылықтағы 20 жаңа автобус 1 және 1Э бағыттарына шығады, ал 2024 жылы әкелінген 20 автобус 2 және 9 бағыттарына қайта бөлінеді, – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда автокомбинат желісінде 55 автобус жұмыс істейді, оның 40-ы жаңа. Кәсіпорын директоры Александр Панченконың айтуынша, күзде тағы 15 автобус сатып алынып, олар 18 және 27 бағыттарына жіберіледі. Осылайша, биыл тасымалдаушының барлық алты бағыты жаңартылады.
Облыс әкімі жолаушылар үшін де, жүргізушілер үшін де жайлылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
– Қоғамдық көлік – облыс орталығы тұрғындарының жайлылығының маңызды құрамдас бөлігі. Павлодарлық автокәсіпорындар жолаушылар тасымалы сапасын қамтамасыз ете отырып, автобустарды жүйелі түрде жаңартып жатқаны қуантады, – деді өңір басшысы.
Өңірде қоғамдық көліктің жұмысын жақсартумен үшінші жыл қатарынан айналысып келеді. Субсидиялау, электрондық билеттеу және жолаушылар ағынының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
2022 жылдан бері облыс орталығындағы автокәсіпорындардың жылжымалы құрамы 181 бірлікке жаңартылды.