Қазақстан нарығындағы танымал шай брендтерінен тыйым салынған бояғыштар табылды
Жылдар бойы сапалы өнім ретінде сатылып келген кейбір шай маркаларының «сұр» сертификаттар арқылы халықты алдап келгені әшкере болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, көп жағдайда тұтынушылар шайдың тез қоюланып, қызыл-қоңыр түске енуін табиғилықтың белгісі деп қабылдайды. Алайда техникалық регламенттерге сәйкес шай өндірісінде кез келген бояғышты қолдануға қатаң тыйым салынған. Жосықсыз өндірушілер төмен сапалы шикізатты жасыру үшін химиялық қоспаларды пайдалануы мүмкін.
– Сарапшылар қарапайым тексеру әдісін ұсынады: сапалы қара шай түсін біртіндеп, 3-5 минут ішінде береді. Егер шай түйіршіктері тіпті суық суды бірден бояп жіберсе, бұл құрамында қоспалардың бар екенін көрсетеді. Сондықтан қаптамадағы таңбалау мен өнім құрамына ерекше назар аудару қажет. Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Астана қаласында өндірілетін бірқатар танымал түйіршіктелген шай маркаларына тыйым салынды. Бұл ақпарат ЕАЭО органдарына жолданып, аталған өнімдер сауда желілерінен дереу алынуға тиіс, – делінген хабарламада.
Ұлттық палата қазақстандықтарды шай сатып алуда қырағылық танытып, денсаулыққа қауіп төндіретін өнімдерден сақ болуға шақырады.