Ел өңірлерінде тұрақтандыру қорларынан пияз сатыла бастады – министрлік
Қазақстан өңірлерінде тұрақтандыру қорларынан сауда нысандарына пияз жеткізіле бастады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Жамбыл облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге шаруа қожалықтарының қоймаларында пияздың бар-жоғын және жай-күйін тексерді. Анықталғандай, қазір өңір қоймаларында 38 мың тоннаға жуық пияз сақтаулы.
Жамбыл облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтің айтуынша, облыста пияз күзде сатып алынған. Бүгінде бұл көкөніс 40-қа жуық сауда орындарына келісі үшін 115 теңгеден жеткізіліп жатыр. Ал дүкендер 128 теңгеден сатуда. А.Сейсебаев пияз қоры басқа өңірлерге жеткізу үшін де жеткілікті екенін атап өтті.
Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Тараздың сауда нүктелеріне, атап айтқанда, өңірдегі ірі «Вкусная Корзинка» азық-түлік дүкендері желілерінің біріне барды. Дүкендер желісіне облыста 36 сауда нүктесі тиесілі. Бүгінгі таңда сауда желісіндегі пияз қоры 21 тоннаны құрайды, оның 5 тоннасы – дүкен сөрелерінде, ал 16 тоннасы – кәсіпорын қоймасында. Сауда нүктелерінде бір келі пияздың бағасы 128 теңгені құрайды.