Қазақстанда қаңғыбас иттерді эвтаназиялауға рұқсат етіледі

Қазақстанда қаңғыбас иттерді эвтаназиялауға рұқсат етіледі
Фото: Константин Шелков

20 шілдеден бастап Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Енді қаңғыбас иттердің санын реттеу мақсатында оларды эвтаназиялауға заң жүзінде рұқсат беріледі.

Жаңа нормаларға сәйкес, эвтаназия тек қаңғыбас иттерге және паналау орындарына жеткізілген, агрессивті, ауырған немесе заңда белгіленген мерзім ішінде иесі не жаңа қожайыны табылмаған қараусыз қалған иттерге қолданылады. Бұл талаптар мысықтарға қолданылмайды.

Заңда эвтаназия жануарға ауырсыну мен азап келтірмейтін гуманистік тәсілмен жүргізілуі тиіс екені белгіленген. Сонымен қатар тұншықтыру, тоқпен өлтіру, улау және басқа да қатыгез әдістерді қолдануға тыйым салынады.

Сондай-ақ заңға үй жануарларын серуендету талаптарына қатысты өзгерістер енгізілді. Егер иесінің ережені бұзуы салдарынан адамға немесе мүлікке зиян келтірілсе, келтірілген шығын толық өтелуге тиіс. Ал мұндай бұзушылық адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса, жануардың иесі эвтаназия жүргізуге міндетті болады.