Павлодардағы тегін спорт секциялары: үйірмелер және жазылу жолы

Павлодардағы тегін спорт секциялары: үйірмелер және жазылу жолы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ArtSport бағдарламасы аясында спорттың ондаған түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, Павлодар облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша 107 қызмет көрсетуші жұмыс істейді. Олар спорттың 28 түрі бойынша сабақтар ұсынады. Олардың қатарында футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, бокс, дзюдо, гимнастика, теннис және басқа да дәстүрлі спорт түрлері бар. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген спорт бағыттары да қарастырылған.

– Балалар арасында футбол, волейбол, жүзу және дзюдо бағыттары ерекше сұранысқа ие. ArtSport бағдарламасы балалар мен жасөспірімдерге спорттық сабақтардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама оларға спорттың әртүрлі түрімен айналысуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті басқармада. 

Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы өңірде 2021 жылы іске қосылды. Осы уақыт ішінде оған 32 мыңнан астам бала қатысты. Спорттық тапсырысты қаржыландыруға 11 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қызмет көрсетушілердің қатарында Павлодар қаласындағы ALTYNkids балаларды дамыту және шығармашылық орталығы да бар. Орталық директоры Ирина Исакаева ArtSport бағдарламасын қызықты әрі пайдалы әлеуметтік жоба деп санайды.

– Бұл бағдарлама – мемлекеттің әл-ауқатының, оның өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне деген қамқорлығының көрсеткіші. Балалар спорт мектептерінде де тегін жаттыға алады. Алайда ол жерге барлық баланы бірдей қабылдай бермейді. Ал біз спорттық гимнастика, таэквондо, бокс және шахмат секцияларына балаларды бастапқы спорттық дайындығына қарамастан қабылдаймыз, – дейді ол.

Бірнеше жылдың ішінде ALTYNkids орталығы Затон базарына жақын орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары мен №39, №22 және №9 мектептердің оқушылары жиі келетін орынға айналды.

– Біз 2021 жылы жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасына алғашқылардың бірі болып қосылдық. Ол кезде бағдарлама енді ғана іске қосылып жатқандықтан, қатты алаңдадық. Көп нәрсені үйренуге тура келді. Әрдайым балаларға қолайлы, қауіпсіз әрі қызықты жағдай жасауға тырысамыз. Тек жекелеген үйірмелер үшін ғана емес, орталықтағы барлық балаға ортақ іс-шаралар да өткіземіз, – деп еске алады Ирина Исакаева.

ALTYNkids орталығында балалар спортпен қатар сурет салуды, би билеуді, вокалды тегін үйренеді. Сондай-ақ, математика, ағылшын және қазақ тілдері, шешендік өнер сабақтарына қатыса алады. Мұнда вокал мен би үйірмелеріне балалар төрт жастан бастап қабылданады. Ал бокс секциясына тек 10 жастан бастап қатысуға болады.

Сабақтар аптасына бірнеше рет өткізіледі. Қазіргі уақытта орталықтың үш филиалына 550-ден астам бала барады. Балалардың сабаққа қатысуын ата-аналары ай сайын арнайы табельге электрондық цифрлық қолтаңбасын қою арқылы растайды.

Қаладағы қолжетімді секциялар туралы білу үшін ата-аналар artsport.edu.kz платформасына тіркелуі қажет. Ол үшін аты-жөнін, ЖСН-ін, телефон нөмірін және электрондық пошта мекенжайын енгізу керек. Жүйе жеке кабинетке тіркелу үшін құпиясөз сұрайды. Ата-аналар осы жеке кабинет арқылы ай сайын сабаққа қатысу табеліне қол қояды.

Еске сала кетейік, ArtSport бағдарламасы техникалық ақаулар, ваучерлерді берудің кешігуі, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жекелеген қызмет көрсетушілердің жұмысындағы заңбұзушылықтарға байланысты бірнеше рет сынға ұшыраған болатын.

Соңғы жылдары ArtSport бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне өзгерістер енгізіліп, бақылау күшейтілуде. Сондай-ақ, ваучерлік қаржыландырудың жаңартылған форматына көшу мәселесі талқыланып жатыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жобаны жетілдіруді тапсырған болатын. Оның айтуынша, білім беру саласына салынған қаражат мемлекет үшін ең маңызды инвестиция болуы тиіс. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге қоғам өкілдерімен бірлесіп жобаны жетілдіруді міндеттеді.

Өткен жылдың соңында Павлодар облысында «Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуші мекеме ауысты. Алайда бұл өзгеріс бағдарламаның жүзеге асырылуына ешқандай әсер еткен жоқ.