Құйынмен ұшып кетті: Баянауылдағы мұражайдың шатыры жөнделді

Құйынмен ұшып кетті: Баянауылдағы мұражайдың шатыры жөнделді
Фото: Константин Шелков

Жергілікті демеушілер желмен ұшып кеткен төбені қалпына келтіруге көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Баянауыл ауданындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық мұражайының шатыры 30 тамызда сағат 17:25-те қатты желмен ұшып кетіп, жолға құлаған. 

Мұражай басшысы Қайыркен Абылғазинның айтуынша, ғимарат бір жұма бойы шатырсыз тұрған. 

– Құлаған шатырдың ауданы 170 шаршы метрді құрады. Сол күні ауданда желдің жылдамдығы секундына 19 метр болған. Өзеннің маңы болғандықтан, құйын көтеріліп, осындай жағдайға әкелді. Барлығына хабарластық, бірақ мереке күні болатын. Содан кейін құжаттармен жүгірдік, сондықтан бір-ақ сәтте осы мәселені шеше алмадық.  Абырой болғанда, демеушілер табылып, көмек көрсетті. Шатыр қыркүйектің 7-сі күні, яғни бір жұмадан кейін жөнделді, – деді Қайыркен Абылғазин.

Оның сөзінше, бүкіл материалдық шығындарға екі миллион теңгеге жуық қаражат кеткен. Жұмысшылар мұражайдың шатырын профлиспен жауып тастаған.

Аталған мұражай соңғы рет он жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. 

Еске сала кетейік, жуырда облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Асайын Байханов Баянауылдағы бұл жағдайдың үнсіз қалып қойғаны және ешқандай шаралар қолданылмағаны туралы айтқан еді. Бұл жағдай үшін аймақ басшысы Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Қсентаев пен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және  архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанға қызметтік сөгіс жариялаған болатын.